Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін «Алғыс айту» мерекесіне арналған алғашқы шара өтті

Бүгін «Алғыс айту» мерекесіне арналған алғашқы шара өтті

Бүгін Жұбанов университетінде 1 наурыз — Алғыс айту күніне орай Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мен «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Бұл іс-шараның мақсаты – жастардың бойында патриоттық сезімді оятып, бірлікке, бірін-бірі сыйлауға, достыққа, мейірімділікке баулу. Дөңгелек үстел барысында Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов сөз сөйлеп, «Алғыс айту» күнінің мән-мағынасын түсіндірді. Оның айтуынша, елді бірлікке үндейтін мерекенің түпкі мәні – кезінде түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа алғыс айтуын көздейді. Сондай-ақ, ұлтаралық келісім, ассамблеяның негізгі атқаратын қызмет барысы, Қазақстанның дамуына бұл қоғамның тигізетін пайдасы қандай деген мәселелер төңірегінде ой қозғады.

Сонымен қатар, шара кезінде философия ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Дмитрий Мацюк, «Тарих және тарихты оқыту әдістемесі»  кафедрасының аға оқытушысы Ли Инна, «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Сәрсембин баяндама жасады.