Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ректор Б.Ердембеков Сакария университетінде семестрлік оқудағы Жұбанов университетінің студенттерімен кездесті

Ректор Б.Ердембеков Сакария университетінде семестрлік оқудағы Жұбанов университетінің студенттерімен кездесті

Түркия Республикасы Сакария университетіне сапары барысында университет ректоры Бауыржан Ердембеков университетімізден оқуға жіберілген студенттермен арнайы кездесу-жиынын өткізді. Қазіргі таңда Сакария университетінде 12 студентіміз халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша мамандықтарына сәйкес ағылшын және түрік тілдерінде білім алуда.

Бауыржан Аманкелдіұлы студенттермен кездесу барысында: «Сіздер тек Ақтөбе қаласының  емес, барлық Қазақстанның имиджісіңдер. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосылу. Ал сол қатарға қосылудың бірден-бір айғағы — сапалы білім алу. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Рухани жаңғыру мен жаңаруда сапалы білім алудың маңызы зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Қазақстанның жарқын болашағы мына сіздердің қолдарыңызда деп білеміз. Біздің Түркия еліне келу сапарымыздың басты мақсаты осындағы ең қарқынды дамыған жоғары оқу орындарымен ортақ байланыс орнату. Университетіміздің халықаралық байланысын одан әрі дамыту, студенттеріміздің Түркия елінің жоғары оқу орындарында білім алуы, профессор-оқытушыларымыздың түрік ғалымдарымен тәжірибе алмасуы секілді игі бастамалар. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру» сынды маңызды бағдарламалар қолға алынып жұмыстар жасалуда. Шет елде білім алу рухани сананың жаңғыруына, дүниетанымдық көзқарастың кеңеюіне, адамдармен тез тіл табысудың, мәдени қатысымның дамуына себеп болады. Ұлы данышпан Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»,- дейді, яғни адам баласына күллі әлемге деген сүйіспеншілікпен қарауға, өмірлік құндылықтарды бағалай білуді және қоршаған ортаны, адамдарды қадір тұтуға, жақсы қарым-қатынаста болуды үйрету. Сондықтан осындай мағыналы сөздерді ойға түйіп, жақсы адам болып қалыптасуларыныз қажет. Біз сіздерден игілікті нәтижелер күтеміз. Сіздер осы университетке келген алғашқы студенттерсіздер, осы оқу орнында жақсы орта, игі істер мен жарқын жаңалықтар қалыптастыруларыңыз қажет. Біз Түркия еліне сапарымызда Ыстамбұл және сіздер оқып жатқан Сакария университеттерінің басшыларымен кездесіп ортақ келісімдерге қол қойдық. Алдағы уақытта басқа студенттеріміз осы оқу орындарына келіп білімдерін жалғастыратын болады. Болашақта оқуларыңды ойдағыдай тәмамдап, үлкен маман иелері болуларыңызды тілеймін», — деді.

Сонымен қатар университет ректоры Бауыржан Ердембеков ­­Сакария қаласында орналасқан жоғары білім беретін оқу орындары кампустарының басшысы Ариф Озсай (Arif Ozsoy) мырзамен кездесті. Кездесу барысында студенттердің орналасу мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізілді. Студенттеріміздің тұрып жатқан қазіргі жатақхананың талаптарымен танысты. Ондағы жүріп тұру ережелері мен тәртіптері тыңдалды. Қазақстаннан келген студенттерді жатақханаға қабылдау жұмыстары туралы айтылды. Ариф Озсай (Arif Ozsoy) мырзаның айтуынша, қазақстандық студенттердің күннен-күнге санының артуы қуантады. Түркия  Қазақстанның ең жақын әр сенімді әріптестерінің бірі. Әр уақытта солай бола бермек. Біз – түбі бір, тарихы бір, мәдениеті мен әдебиеті, тілі  бір елдерміз»,-деп атап өтіп Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарапынан келетін әрбір студентке жағдай жасап, қабылдауға дайын екендіктерін айтты.