Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кәсіби жұмыс нәтижелері

Кәсіби жұмыс нәтижелері

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Халықаралық білім беру» орталығының ұйымдастыруымен мамыр айының 18-24 аралығында Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларында «Қазақстанның білім күндері» атты халықаралық білім көрмесі өткен болатын-ды.

Халықаралық көрмеге Қазақстанның 40-қа жуық жоғары оқу орны қатысты. Солардың қатарында алғаш рет Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ де болды. Халықаралық көрмеге қатысқан университетіміздің Маркетинг орталығының Кәсіби бағдар беру бөлімі де көршілес елдің жастарын Қазақстанда білім алуға шақыруды мақсат етіп, университетіміздің тағылымды тарихы, білім беру жүйесі кеңінен таныстырған болатын.

Сондай-ақ, көрмеге қатысу үшін шетелдік талапкерлерге арналған университетіміз туралы жаңа бейнекөрсетілімдер түсіріліп, мамандықтар туралы ақпараттар жаңа үлгіде беріліп, көрме барысында оқу ордамызға түсу бойынша талаптар мен шәкіртақыға ие болу мүмкіндіктері, университетіміздің оқыту үдерісі, білім беру бағдарламалары туралы мағлұматтар презентацияланды.

Аталмыш көрме нәтижесінде 2017 жылдың 14-ші шілденің мәліметі бойынша Өзбекстан Республикасынан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне кешенді тестілеуге — 7 талапкер және келісімшарт негізінде -1 талапкер оқуға құжаттарын тапсырды.

Көрмеге қатысушы оқу орны ұсынған мол мүмкіндіктерден де хабардар болған Өзбекстан Республикасы Термез қаласының Термез кәсіптік әлеуметтік-экономикалық колледжінің түлегі Даминов Бехзод ата-анасымен бірге келіп, оқуға құжат тапсыру барысында Маркетинг орталығы директорының қабылдауында болып, университеттің инфрақұрылымымен танысты.

Кездесу барысында Даминов Бехзодтың анасы: «Біздің елде өтетін Халықаралық көрмелермен жақсы таныспыз, бірақ Ақтөбе өңіріндегі мұндай оқу орнының халықаралық көрмеге алғаш қатысқанын білдік. Көрме барысында бізді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің материалдық-техникалық базасы мен білім беру бағдарламалары қызықтырды.

Соның ішінде техникалық факультетінің мамандықтарына қызығушылық танытып, «Мұнай-газ ісі» мамандығына құжат тапсырып отырмыз.
Университеттің Маркетинг орталығы мен Кәсіби бағдар беру бөлімі бізді күтіп алып, толыққанды ақпарат беріп, қолдау білдіргені үшін алғысымыз шексіз», — деді, Даминова Сәуле Тұрлыбайқызы.

Кездесуден соң талапкер мен оның анасы университет ғимаратын аралап, естелік суретке түсті.