Пятница, Март 29, 2024
Басты > Білім > Психология пәні бойынша олимпиада өтті

Психология пәні бойынша олимпиада өтті

Жұбанов университеті «Педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен қала мектептерінің 10-11 сынып оқушылары мен «Психология» мамандығының 1-3 курс студенттері арасында психология пәні бойынша пәндік олимпиада өтті. Олимпиаданың мақсаты – студенттер мен оқушылардың психология саласындағы ғылыми қызығушылығы және танымдық ынтасын арттыру, оқушылар арасында кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізу.

Олимпиада қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Және ол екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең бойынша қатысушылар «Жалпы психология» пәнінен жазбаша тапсырмаларды орындады. Екінші кезеңде әр қатысушы жастарды бәсекеге қабілетті тұлға  етіп қалыптастыруда психология ғылымының алатын рөлі, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу мен оқытудың психологиялық технологиялары, 21 ғасырдағы нейропсихология бағыттары бойынша дайындаған ғылыми зерттеу жұмыстарын қорғады.

Олимпиадаға қатысушылардың білімін педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Арнаулы білім және мектепке дейінгі оқыту» кафедрасының меңгерушісі Клара Туребаева, «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Жандарбек Иманчиев, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің психологиялық-педагогикалық орталық жетекшісі, «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе қаласы бойынша филиалының директоры Айжан Миралиева, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің меңгерушісі Меруерт Жұбандықовалар бағалады.

Олимпиада қорытындысы бойынша оқушылар арасында №1 орта мектебінің 11 сынып оқушысы А.Айжарықова бірінші орын, №21 орта мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы М.Капина екінші орын, №28 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Б.Кеңес үшінші орын иеленді. Ал студенттер арасында бірінші орынды Н.Кенжебаева, екінші орынды А.Сарина, үшінші орынды Г.Жүсіпкалиева жеңіп алды. Сонымен қатар олимпиадаға қатысушы студенттер номинациялар бойынша марапатталды. «Ең креативті ғылыми жоба» номинациясы бойынша Алтын Ержанова, «Жас ізденімпаз» Інжу Таңатарова, «Жас зерттеуші» номинациясына Сара Мауытқалиева лайық деп танылды.

Сондай-ақ, олимпиада барысында кафедра оқытушылары Рита Таумышева «Арттерапияда мандал әдісін қолдану жолдары», Гүлзипа Сатығалиева мен Рысгүл Измагамбетова «Жеке тұлғаны зерттеуде қолданатын қазіргі әдіс-тәсілдер», Алия Утеуова «Тұлғаны психологиялық зерттеуде жобалық әдістерді қолдану ерекшеліктері», Ануар Измаганбетов «Коммуникативтік тренингтердің ерекшеліктері» тақырыптарында  қатысушыларға шеберлік сабақтарын жүргізді.

Олимпиаданың өткізілуіне «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушы, психология магистрі Рита Таумышева мен психология магистрі Гулзипа Сатыгалиева жетекшілік етті.