Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті жастары қолжетімді білім саясатын қолдайды

Жұбанов университеті жастары қолжетімді білім саясатын қолдайды

Бүгін Жұбанов университетінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіне орай кәсіби бағдар бағытында шара өтті. Шараны әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті мен кәсіби бағдар беру бөлімі ұйымдастырды.

Университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Н.М.Бердібаев: «Бүгін Президенттің үндеуі университет профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері арасында кеңінен талқылануда. Қолжетімді білім, жатақханалардың жағдайын жақсартуға арналған үшінші әлеуметтік бастама тікелей білім беру саласына қатысты. 2018-2019 оқу жылында 20 мың қосымша грант тағайындалатын болады, оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға бөлінбек. Бұл Индустриялы Қазақстанды қалыптастырудағы тағы бір нақты қадам», — деген пікірін жеткізді.

Аталған шара барысында қала мектептерінің оқушылары мен студенттердің қатысуымен флешмоб және дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел кезінде философия ғылымдарының кандидаты Д.Мацюк және тарих ғылымдарының магистрі Б.Байшов үшінші әлеуметтік бастама жайында толығырақ тоқталып өтті. ҚР Президенті үшінші бастамада: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы нақты айтып, жоғары оқу орындары алдына айқын міндеттер жүктеді.

Шарада техникалық факультетінің 2-курс студенті А.Оразымбетов: «Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа жолдаған Үндеуінде айтылған білім алушылардың қолжетімділігі мен білім сапасын арттыру туралы үшінші бастамасы жастарға жарқын болашаққа үлкен үміт сыйлады. Себебі жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа жаңа оқу жылында 20 мың грант орындарының қосылуы біздің қалаған мамандық бойынша білім алуымызға жол ашпақ.  Жастар атынан Елбасына жасаған қолдауы үшін алғысымды жеткізгім келеді», –  деген пікірін жеткізді.