Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбеде «Startup Bolashak 3 маусым: Менің Арманым» байқауының іріктеу кезеңі өтті

Ақтөбеде «Startup Bolashak 3 маусым: Менің Арманым» байқауының іріктеу кезеңі өтті

Ақтөбеде «Startup Bolashak 3 сезон: Менің Арманым» республикалық байқауының аймақтық іріктеу кезеңі өтіп жатыр.

Шараның ашылу салтанаты мен іріктеу кезеңі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті базасында өтуде. Жас стартапшылардың байқауының ашылу барысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол  Нұрғалиев жастардың жеке кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті. «Тың идеясы көп Ақтөбелік жастар жетерлік. Олардың аймақтың кәсіпкерлігін дамытуда елеулі үлес қосатыны сөзсіз»,- деді Е.Нұрғалиев.

««Менің арманым» байқауы көптеген жастардың арманының орындалуы үшін шынымен де бастау сәті болары анық», — деді университет ректоры Бауыржан Ердембеков.

Байқау күндері қатысушылар тек стартап-идеяларын танытып қана қойған жоқ, олар бизнес саласында табысқа жеткен кәсіпкерлерден бизнеске кіріспе, бизнес-жоспар құрудан бастап, серіктестік орнату мен оны қалай нығайту жолдары жайында шеберлік сабақтарын алды. Тренерлер қатарында Астанадан келген қонақ ҚР БжҒМ жанындағы басқарма өкілдігінің бөлім басшысы Бақытгүл Қасымова болды.

Ақтөбелік үміткерлердің жоба тақырыптары әртүрлі саланы қамтыды. Іріктеу кезеңінде тәлімгерлерді цифрлық жүйеге көшу, робот техникасы, IT-технология секілді еліміздің өзекті мәселелері қызықтырды. Байқауға барлығы 800 өтініш түскен. Қатысушылардың жастары 16 мен 35 жас аралығын қамтыды. Аймақтық кезеңнің қорытындысы 11 наурызда белгілі болады. Айта кетуіміз керек, «Startup Bolashak 3 маусым: Менің Арманым» стартап-жобалар байқауы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Болашақ» ассоциациясымен бірлесе ұйымдастырылды.