Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жұбанов университеті студенті Таисия Дьяченко Дүниежүзілік Универсиадаға қатысады

Жұбанов университеті студенті Таисия Дьяченко Дүниежүзілік Универсиадаға қатысады

Студенттердің Дүниежүзілік универсиадасы алдағы күзде Чехияда өтетін болады. Оған жолдама алған Таисия Дьяченко «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті. Ол наурыздың 1-11 аралығында Павлодар қаласында өткен ҚР VII Қысқы Универсиадасында 60 кг салмақта пауэрлифтингтен қатысып, бірінші орны иеленді. Таисиямен бірге Универсиадаға Жұбанов университетінен 12 спортшы-студент қатысты. Олардың ішінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 4-курс студенті Көбеген Айдосұлы 100 кг салмақ дәрежесінде қазақша күрестен үшінші орынды жеңіп алды. Тағы бір жас палуанымыз аталған  мамандықтың 3-курс студенті Әл-Фараби Бимағанбет 60 кг салмақта екінші орынды иеленді. Пауэрлифтингтен қатысқан келесі жас спортшы жаратылыстану факультетінің «Биология» мамандығының 3-курс студенті Самрат Алтыбаев 74 кг салмақта мықтылығын дәлелдеп, бірінші орын алды. Осы спорт түрінен 59 кг салмақта салмақты ойын көрсеткен «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 2-курс студенті Жандарбек Низамадинов үшінші орынға лайық деп танылды.

 

Ағымдағы жылғы Универсиада ойындары қатысушылардың саны жағынан жаңа рекорд жасады. Биылғы жылы еліміздің 36 жоғары оқу орындарынан универсиадаға қатысу үшін  спортшылардан 2000-ға жуық өтініш келіп түскен. Универсиада бастауын алған жеті жылда қатысушылар саны 900-ден асып көрмепті.

Қысқы универсиада барысында спорттың 9 түрінен жарыс өтті: шаңғы жарысы, қыстық президенттік көпсайыс, қыстық спорттық бағдарлау, футзал, армрестлинг, гір спорты, пауэрлифтинг, баскетбол және қазақша күрес.

Ертең кешке жеңімпаз спортшыларымызды университет өкілдері  Теміржол вокзалында салтанатты түрде күтіп алатын болады.