Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қоғамның болашағы — білімді ұрпақ қолында

Қоғамның болашағы — білімді ұрпақ қолында

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы

Мемлекет басшысы жария еткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің үшінші бастамасы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға бағытталған.

Жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылына тағы да 20 мың грант, оның ішінде 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге бөлу жоспарланып отыр. Бұл үндеуде ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары алғашқы қатарда болуы тиіс. Осыған орай, жоғары оқу орындарының негізгі мақсаты — әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, шәкірттеріміздің терең білім алуы мен тұратын жеріне жағдай жасау.

Сондай-ақ қазіргі таңда еліміздегі білім беру ордаларының өте өзекті мәселелерінің бірі — студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орындық жатақхана салу жоспарлануда. Демек, алдағы жылдарда студенттер санының одан әрі арта түсетінін ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығы түбегейлі жойылмақ. Осы тұста мақтанышпен айта кететін жайт, бүгінгі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жатақханаға деген сұраныс 100 пайыз қанағаттандырылып отыр.

Қорыта келгенде, Елбасымыз әрбір қазақстандықтың алдына зор міндеттер қойды. Ол міндеттердің барлығы да ел игілігіне қажетті мәселелерді шешуге бағытталған. Олай болса, төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде жаңа, ауқымды қадам жасауға бар күшіміз бен мүмкіндігімізді жұмсауымыз керек.

Өтеген САРИЕВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті техникалық факультетінің деканы,

техника ғылымдарының кандидаты.

 

ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған бес бастамасының барлығы біздің қоғам үшін айтарлықтай маңызға ие дер едім.

Әрине, соның ішінде әр қазақстандықты ерекше толғандыратын баспана мәселесі екеніне дау жоқ. Әсіресе бұл мәселе енді шаңырақ көтерген жас отбасыларға өзекті деуге болады. Өйткені болашақта жақсы отбасы болып кету үшін оның маңызы зор. Осы орайда Елбасының баспананы несиеге алуға қатысты бастамасы көптеген қазақстандықты қуантады деп ойлаймын.

Президенттің «Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс.  Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.  Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек», — дегені талай жасқа үміт сыйлады. Бұл арқылы баспана алудағы әлеуметтік қиындықтар белгілі бір деңгейде жеңілдейді.

Өз басым бес әлеуметтік бастаманың арасынан дәл осы тұсты көпшіліктің қуана қабылдағанына күмәнім жоқ.

Жолдас ҚАМБАРОВ,

Хромтау аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.

БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Елбасының жаңа бастамалары — еліміздің болашағын ойлаған Ұлт көшбасшысының алысты болжаған саясаты. Президент ұсынған бес бастама еліміз үшін аса маңызды және қоғамның мыңдаған мүшесіне қатысты проблемаларды дер кезінде шешуге шақырады. Шағын несиелендіруді қаржыландыру көлемінің артуы ауылда тұратын адамдарға жақсы демеу болады. Мемлекет басшысының Үндеуінде айтылғандай, шағын несиелендіру көлемі 2018 жылы 62 миллиард теңгеге жетеді. Осының арқасында 14 мың адам шағын несие алып, өз ісін бастауға мүмкіндік алады. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш екі есе жоғары. Егерде әрбір өз ісін ашқан кәсіпкер ең аз дегенде 3-4 адамға жұмыс тауып беретін болса,  нәтиже жаман болмайды. Елбасының тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру туралы бастамалары да аса маңызды және олар бүгінгі күні біздің ауданның тұрғындары тарапынан да қолдау табуда.

Елбасының әлеуметтік бастамалары халқымызға, өсіп келе жатқан жас ұрпақтарға қамқорлық, сонымен бірге ертеңгі күнімізге деген зор сенім ұялатады. Сөз жоқ, бұл қадамдар еліміздің әр тұрғынының әлеуметтік жағдайын түзеп, тұрмысын жақсартуға орасан зор үлес болмақ.

Аман ЖАРМҰХАНОВ,

Алға ауданы мүгедектер қоғамының төрағасы.

БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

Елбасы Үндеуінде әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік деңгейде реттеуді тапсырды. Оның ішінде  баспана мәселесіне кеңінен тоқталды.  Жалпы соңғы жылдары тұрғын үй проблемасы біртіндеп шешіліп келеді. Өткен жылы еліміз бойынша 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Әрине, бұл көрсеткіш аз, себебі елімізде үйсіз жүрген отбасылардың саны бұдан әлдеқайда көп. Осы мәселені ескерген Президент тұрғын үй ипотекасын қолжетімді қылу арқылы мәселені шешуге болатынын мәлімдеді. Осылайша «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаның тиімділігі, жұмыс істейтін әрбір қазақстандық азамат теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан аспайды. Бастапқы жарнаға баспана құнының 20 пайызы жеткілікті болады. Несие алушы төлемді ай сайын өтеп отырады. Несие мерзімі — 25 жыл. Бұл ретте Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктері іске қосылады. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тарататын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің шарттары бойынша жаңа ипотекалық несие алуға жұмсайтын болады. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық баспанаға қол жеткізеді. Әрине, бұл айтылған мәселелер бір күнде шешіле салмайды. Бұл — біртіндеп жүзеге асатын шаруа. Сондықтан Мемлекет басшысының  бұл бастамасын қуана құптаймын.

 И.ТҰРТАЕВ,

Ырғыз аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

источник