Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Құрметті профессор-оқытушылар, қызметкерлер, білім алушылар!

Құрметті профессор-оқытушылар, қызметкерлер, білім алушылар!

Халқымыз жыл басы санаған бірлік пен береке мейрамы Наурыз мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Жыл басы Наурызбен бірге қаһарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күн дастарқан аққа толатын, алыс кеткен ағайын қауышып, араз жандар татуласқан, іргеміз ізгілікке бөленген күн. Күн мен түн теңелген ерекше мейрам.

Жыл қайыру дәстүрі бойынша биыл ит жылы кіреді. Итті қазақ халқы «жеті қазынаға» теңеп, құрметтейтіні баршамызға мәлім. Сондықтан ит жылынан толағай табыстар мен тек жақсылықтар күтетініміз аян. Өткен 2017 жылы да табысты жыл болды. Еліміздің ең еңселі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі тарих сахнасында қазақ елінің ең үлкен жетістігі болып сақталды. Облысымызда да елеулі өзгерістер мен айтулы жаңалықтар орын алды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен «Құтты мекен — Ақтөбе» форумы көпке үлгі боларлық жарқын бастама болды.

Университетіміздің де өмірінде тың жаңалықтар, еңсерген табыстар аз болмады. 20-дан астам ғылыми орталықтар мен зертханалары бар Инновациялық технологиялар паркі, 500 орындық  «Жастар үйінің» ашылуы, тарихта өлшеусіз ерліктерімен халық жадында сақталған Құдайберген Жұбанов, Дербісәлі Беркімбаев, Мұхтар Арын, Ғалымжан Нұрышев, Нұрпейіс Байғанин, Тілеу Айтұлы, Қабақ Айтұлы атындағы кабинеттердің ашылып, студенттердің теориялық және практикалық білімдерін ұштайтын орындарға айналуы үлкен жетістік деп есептеймін. Біз жарқын болашақты қалыптастыратын киелі қара шаңырақ болғасын, басты байлығымыз берекелі бірлікті сақтап, тарихымызды, салт-дәстүрімізді ұрпақ бойына молынан сіңіруге тиіспіз. Елдік рухы мықты халықтың қашанда еңсесі биік, мерейі үстем.

Егемендігіміз еселене түсіп, тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін! Наурыздан наурызға елімізді аман-есен жеткізуге жазсын!

Университет ректоры Бауыржан Ердембеков