Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Жұбанов кітапханасы» сериясымен алғашқы кітаптар жарыққа шықты

«Жұбанов кітапханасы» сериясымен алғашқы кітаптар жарыққа шықты

Наурыз мерекесінде Ақтөбедегі «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стеласы жанына қатар-қатар жеті киіз үй қонды. Солардың бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің киіз үйі.

Мұнда қонақтарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Мереке қарсаңында «Жұбанов кітапханасы» сериясының алғашқы он томы жарыққа шыққан еді. Бұл кітаптардың тұсаукесері Наурыз мерекесіне орай тігілген киіз үйде өткізілді. Тұсаукесер салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы қатысты. Жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков сөз сөйлеп, бұл кітаптардың Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген мақсаттармен өзектестігін атап өтті.

Кітаптарға аталған оқу орны оқытушыларының еңбектері еніп отыр. Еңбектерде латын әліпбиіне көшу, жаңа заманғы білім, т.б. мәселелер зерттелген. Сондай-ақ, аймақ тарихына, этнографияға қатысты еңбектер де бар. «Жұбанов кітапханасы» сериясы аясында 100 кітап жарыққа шығарылады деп жоспарланған.

 Гүлнар ҚАРАША,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

баспасөз қызметінің жетекшісі.

источник