Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа дәуірдегі жаңашыл ой

Жаңа дәуірдегі жаңашыл ой

Берікхан Иісбек Семей мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ магистратурасын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген, ҚХР Цинхуа университетінің PhD докторанты. Астана және Өскемен қалаларында білім саласында қызмет атқарған. Қазіргі қызметіне дейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ректор көмекшісі лауазымын атқарды. Респубикалық және шетелдік мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған қырыққа жуық ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. РФ Барнаул қаласындағы И.Ползунов атындағы Алтай мемлекеттік техникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан, ҚХР Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университеті қытай тілі кафедрасында біліктілікті арттыру курсынан өткен. Жаңалыққа жаны құмар, елгезек жас ғалым, Ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Берікхан Иісбек «Апта таңдауының» бүгінгі қонағы. Әңгімелескен журналист Гүлнара Қараша.

̶ Берікхан Иісбекұлы, бәсеңдеуі байқалған бірнеше шаруаларды қолға алып жатырсыз. Сол жайында оқырмандарымызбен бөлісе отырсаңыз.

̶ Жалпы ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаменті  ̶  университеттің ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметін ұйымдастыру, үйлестіру, бақылауға бағытталған құрылымдық бөлімше, яғни университет құрылымдарын біріктірушісі, үйлестірушісі болу керек. Үйлестіруші болғаннан кейін тың жаңалықтарды жеткізіп, бөлісіп, олардың біздің университетімізде іске асуын қадағалау, бүгінгі ғылымның басым бағыттары бойынша бағдар беру департаменттің басты міндеті. Университеттегі ғылыми жұмыстар туралы айтар болсақ, жасалған жұмыстар мен істелген шаруалар көп. Сол жұмыстарға сараптамалық-талдау жасап, болашаққа бағдар түзу – ғылымды дамытудың стратегиялық қадамы. Сол себепті де профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына сараптамалық-талдау жасадық.  Нәтижесінде назардан тыс қалған әлеуеттер байқалды. Мынадай қызық дерек таптық. Қазақстан бойынша ең алғаш Thomson Reuters базасына енген мақала – Жұбанов университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Қайдасов Жеткербай ағамыздыкі. Осы бір ғана деректің өзі университетте күшті ғалымдардың бар екенінің дәлелі. Беделді Thomson Reuters базасыда жарық көрген мақалалардың жалпы саны 80-нен асады, оның ішінде 20-ы Хирша индексімен. Сондай-ақ ғалымдарымыздың 200-ге жуығы Scopus базасында жарияланған, т.б. Маркетологиялық зерттеу жасай отырып, университет ғылымын дамытудың жаңа стратегиялық жоспары жасалуда.

— Ғылым жолына бағыттанған жастың бірісіз. Өзіңіздің зерттеу нысандарыңыз туралы да айтып өтсеңіз.

̶  Мен Тарбағатайдың тумасымын. Алаштың өзегі – Семейде білім алдым. Семейдің ғылыми әлеуеті кезіндегі Алаш заманынан басталады. Сол жерде казіргі университетіміздің ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембековпен таныстым. Ғылымдағы алғашқы қадамыма жетекшілік жасаған осы ағам. Ол мені Абай әлеміне әкелді. Бауыржан Аманкелдіұлы «Абайтану» бойынша магистрлік диссертация қорғаған болатын.  Мен Абай өлеңдерін көшіріп жазған Мүрсейіт Бікеұлының жәдид жазуымен жазылған 600 беттік қолжазбасын 6 жыл бойы қазіргі қазақ алфавитіне аудардым. Ғылыми жаңалығы да көп болды. Оның бір атап айтары – 1905 жылғы жазылған Абайдың ұлы Мекайылға арналған жинақ.  Сонымен қатар, онда тек қана Абай шығармалары емес, Ыбырай Алтынсариннің, Шәкәрімнің, Ақылбайдың шығармалары бірге жинақталған.  Өзінің ғылыми құндылығын ешқашан жоғалтпайтын дүние. Негізігі бағытым осы….

— Болашақ – жастарда, соған сәйкес ғылымның да болашағы жастарда деуге болады. Қазіргі уақыттағы жас зерттеушілер ел ғылымының өркендеуіне үлес қосу үшін қандай салаларға басым назар салуы керек деп ойлайсыз?

̶  2012-2016 жылғы статистикаға сүйене отырып, ғалымдардың зерттеу белсенділіктерінің көрсеткішін талдай келе, отандық ғылымда физика ғылымдары, оның ішінде қолданбалы физика ғылымдарының зерттеу белсенділігі жалпы көрсеткіштің 60 пайызын кұрайды. Біздің университетіміз бойынша да осы көрсеткіш сақталып отыр. Басқа техникалық, педагогикалық, шетел тілдері, филология сияқты ғылым салалары да дамуда, бірақ оларға қарағанда осы физикалық сала басым болып тұр. Бұл саладағы ғалымдардың зерттеушілік белсенділігі 85 пайызға жетіп отыр. Дегенмен осы саланың ғылымдағы басымдылығы бәрімізге жаппай тек сол бағытта жұмыс істеуді міндеттемейді. Ғылымның барлық саласын дамыту керек, тек студенттің қай ғылымға икемділігі бар, сол салаға қарай бағыттап, бейімдеу – педагогтің парызы.

 ̶  Сізді ғылымға қызықтырған кім?

 ̶  Мен өмірде ұстаздан бақытты болған адаммын. Біріншіден жаратқан Алла, екінші ата-анам, үшіншіден ұстаздан бақытты болдым. Ал жарың, балаларың енді  жеке бақытың ғой. Бакалаврлық білімді Семей қаласында алдым, бұл жөнінде жоғарыда айтып өттім. Қазақта жақсы сөз бар «Ұстазы жақсының  ұстанымы мықты». Қатаң сынақтан өткізіп, ғылымға, абайтануға келуіме бірден-бір себепкер болған профессор Бауыржан Ердембековтің  ықпалы зор.  Ұстазыма ризашылығым шексіз.

̶  Қытай елінде туып-өсіпсіз. Қытай тілі екінші тіліңіз. Ғылым жолында жүрген жандарға көп тіл меңгерудің қаншалықты маңызы бар? Әлде бір тілде де ғылым әлемінде биіктерді бағындыруға бола ма?

̶  Мұхтар Әуезовтің «Бір тіл білсе бір адам…» деген әйгілі сөзі бар. Екі-үш тіл білемін, бірақ бұл қазіргі заманда жаңалық емес деп ойлаймын. Кейбір адамдар орыс тіліне жетік,  қытай тілін меңгерген менен де басқа адамдар бар. Дегенмен бір ерекшелігімді айта кетейін.  Ол қазақ тарихындағы көне тілді, көне әріптерді білуім. Қытай тілін білетін көптің бірі едім, ал көне әріптерді танитын Шығыс Қазақстан, Семей облыстары бойынша санаулы маманның бірі болдым. Бұл жақта да солай. Сондықтан қанша тіл меңгерсең де ол ешкімге артық етпейді.

 ̶  Бұрын ғылым ғылымға қызмет ететін еді. Енді нәтижеге жұмыс істейтін заман туды. Ғылымда инновациялық бағыттар болуы керек.  Ұзақ бейімделуге уақыт шектеулі. Сізді қазір оқып отырған зерттеушілерге осы орайда қандай кеңес берер едіңіз?

̶  Жоғарыда айтып кеттім халықаралық басылымдарда жарияланған оқытушылармыз бойынша статистикалық мәліметті. Яғни бізде сан бар, енді ғылыми зерттеулердің сапасына баса көңіл аудару, бәсекеге бейімделу керек.

Бәсеке бар жерде сапа болады.  Еліміз бойынша Алматы облысында ғылыммен айналысатын адамдардың саны – 9542, Астана қаласында – 2339, Батыс Қазақстан облысында – 750, ал біздің Ақтөбеде – 320 адам. Бұл ірі өңір,  экономикасы қуатты, бірақ ғылыми әлеует көрсеткіші салыстырмалы түрде төмен. Сондықтан зерттеушілердің бағытын жалпы өңірлік проблеманы шешуге бағыттау қажет. Біздің департамент те осы проблеманы шешуге атсалысады. Бұл істің іргетасы қаланды деп те айтуға болады.  Биылғы жылдан бастап оқу үдерісін бірлесе отырып ұйымдастыру, мамандықтарға қосымша траектория енгізу, академиялық еркіндік бағытты қолға алдық. Өндіріс орындарымен келісім-шарттар жасалып, студенттер тәжірибеден өтуде. Сондықтан айтарым қазіргі заманның жас маманы нарық сұранысына жауап бере алатын, бәсекеге қабілетті, ғылым саласымен айналысатын болса, тек жеке тұлғаның ғана емес, жалпы қоғамның, мемлекеттің, өңірдің біраз проблемасын шеше алар еді.