Суббота, Октябрь 1, 2022
Басты > Жаңалықтар > Ресейлік әдебиеттанушы ғалым Венера Макарова Жұбанов университетінде

Ресейлік әдебиеттанушы ғалым Венера Макарова Жұбанов университетінде

Ресей Федерациясы Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Макарова Венера Файзиевна университетке сыртқы (халықаралық) академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында филология факультетіне шақырылып отыр. Ол «Филология» мамандығының 2,3 курс студенттеріне «Әлем әдебиетінің тарихы»,«Шетел әдебиетінің тарихы» пәндері бойынша  үстіміздегі жылдың 2-15 сәуір аралығында дәріс жүргізбек.

Сондай-ақ, профессор В.Ф.Макарова осы іс сапары барысында университетте өтетін бірнеше ғылыми шараларға қатысады. Ғалымның 11 сәуірде «Әлемдік контекстте мәдениетаралық қарым-қатынас:тіл мәселелері, әдебиет және оқыту әдістері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісінде «Комедиялық жанр ұлттық әдебиеттану категориясы ретінде» тақырыбында баяндама жасауы және конференция аясында «Қосарланған сабақтағы көпмәдениеттілік тәрбие» мәселесі бойынша шеберлік класын өткізуі жоспарланып отыр. Сонымен қатар ғылым апталығы аясында 12 сәуірде «Қазақ әдебиеті» кафедрасымен бірлесе «Әдеби білім беру жүйесіндегі мәдениеттер диалогы» тақырыбында профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттарға арналған ғылыми-әдістемелік семинар өткізбек.

Профессор В.Ф.Макарова 70-тен астам ғылыми жарияланымдардың, соның ішінде 2 монографияның, 2 оқу құралының авторы. Ол Ресей Федерациясы Татарстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің гранттық жобасына қатысқан,  Татарстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі  Құрмет грамотасының иегері.