Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Экономика және құқық факультетінде мамандандырылған кабинеттер ашылды

Экономика және құқық факультетінде мамандандырылған кабинеттер ашылды

Еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттері ауқымының жедел қарқынмен дамуына байланысты білікті кадрларды даярлауда сапалы ұмтылыстың қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты елімізде заман талабына сай білімді, озық технологияларды жетік меңгерген, кәсіби білікті мамандар даярлауда экономика және құқықтану салаларында  білім беретін оқу орындарына үлкен міндеттер мен талаптар жүктеліп отырғаны белгілі.

Осыған орай Жұбанов университетінің экономика және құқық факультетінде мамандандырылған аудиториялардың ашылу рәсімі өтті.

Мамандандырылған кабинеттердің ашылу рәсіміне университет басшылығы, факультет декандары, Қазақстан Республикасының  мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы  К.А.Токушев, прокуратураның құрметті қызметкері М.С.Таджибаева, «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы»  республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының Ақтөбе облысы бойынша филиал директоры С.А.Садвакасова, «Freedom finance» Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Р.Э. Газиев, Ақтөбе облысы бойынша прокуратура аппаратының жетекшісі Ж.Дауленбаев, Ақтөбе облысының соты Г.С.Ажигалиевалар қатысты.

Ең алдымен «Сот залы» оқу кабинеті ашылды. Кабинеттің ашылу барысында студенттер азаматтық сот процесінің жүргізілу барысын үлгі ретінде таныстырды.

Аналитикалық  дилингтік орталықтың ашылуында «Freedom finance» Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Р.Э.Газиев «Қаржылық дәм тату»  дәрісін өткізіп, биржалық сауда платформасында әлемдік компаниялардың акцияларын сату, сатып алу жолдарын түсіндірді.

Криминалистикалық техникалық лабораториясында «Фоторобот» криминалистикалық бағдарламасының тұсаукесері жасалынды.

«Мансап» жас мемлекеттік  қызметшілер мектебі  оқу кабинеті ашылу барысында департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы К.А.Токушев «Мансап» мектебінде жас мамандардың мемлекеттік қызметке кіруге тез бейімделуіне,  мамандықтың мәртебесін көтеруге ықпалын тигізетінін жеткізе отырып, аталмыш мектептің үшінші маусымын салтанатты түрде ашты. Білім алушыларға «Мемлекеттік қызметке кірудің алғы шарттары» тақырыбында алғашқы дәрісін оқыды. Осы шарада «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы»  республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының Ақтөбе облысы бойынша филиалымен университет арасында екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.