Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбе облысының табиғи мұраларын сақтау мәселесі талқыланды

Ақтөбе облысының табиғи мұраларын сақтау мәселесі талқыланды

Жаратылыстану факультетінде «Ақтөбе облысының табиғи мұраларын сақтау стратегиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті бастығының кеңесшісі Жасулан Бекмухамбетов, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының сараптау орталығының зертхана меңгерушісі Жанна Сабирова, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Райхан Койшаканова, жас ұрпақтың қоғамдық бірлестігінің директорлар кеңесінің төрайымы Елена Башкова және факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Дөңгелек үстелді факультет деканы Мұрат Махамбетов кіріспе сөзбен ашып, табиғи мұраларды сақтауды насихаттау, жастар санасына сіңірудің маңыздылығына  тоқталды. Шара барысында «Экология» кафедрасының аға оқытушысы М.А.Картова «Ақтөбе облысының табиғи-ресурстық әлеуеті», «Биология» кафедрасының оқытушысы Б.А.Туралин «Сарат дала қызғалдақ алқабын қорғау», «Экология» мамандығының 3-курс студенті Иван Акуленко «Мәртөк ауданының табиғи ескерткіштері», аталған мамандықтың 2-курс студенті Балауса Жаксыгали  «Көкжиде құм алабы» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Шақырылған қонақтар арасынан Жасулан Бекмухамбетов сөз сөйлеп, Ақтөбе облысының экологиялық жағдайына, облыстың экологиялық ахуалын жақсарту аясында жүргізіліп жатқан шаралар жайында айтып өтті. Елена Башкова қоғамдық бірлестіктің қоршаған ортаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ал Жанна Сабирова Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасының экологиялық жағдайы туралы баяндамасын ұсынды.

Басқосуда студенттер келген қонақтарға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, оларға тұщымды жауаптар алды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының табиғи мұраларын сақтау төңірегінде өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Табиғи мұраларды сақтауды күшейту бойынша бірнеше ұсыныстар да айтылды.