Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Он томдық кітап жарыққа шықты

Он томдық кітап жарыққа шықты

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Жұбанов кітапханасы» сериясы бойынша жарыққа шыққан он томдық кітаптың таныстырылымы өтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы негізгі міндеттер қамтылған он томдық еңбек жоғары оқу орындарының білім алушыларына арналған. Аталған кітаптарда «Қ.Жұбанов және тарихи грамматика мәселелері», «Жер-су атаулары және ұлттық руханият», «Қазақ жерін отарлау тарихы», «Жұбановтану: фонетика мәселелері», «Нарықтық экономика. Жаһандану. Ұлттық мәдениет», басқа да тақырыптар қамтылған.

Жинақтардың авторлары аталған университеттің белгілі профессор-ғалымдары Рахым Бекназаров, Абат Пангереев, Ұзақбай Исмағұлов, Нұрбол Сәдуақас, Гүлдариға Симұқанова, т.б.

—  Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында университет қабырғасында жан-жақты жоспарлы жұмыстар құрылды. Мен де өз үлесімді қосу үшін профессор Құдайберген Жұбановтың еңбектеріндегі фонетикаға қатысты мәселелерді жинақтап, ол кездегі ғылыми мәселелердің қазіргі уақытпен салыстырғандағы айырмашылықтары, латын графикасына көшудің маңыздылығы жөніндегі тұжырымдарымды ұсындым, — дейді филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақас.

Кітаптың әр томы 500 данадан, қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шықты. Алдағы уақытта ағылшын тілінде шығару жоспарланып отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

источник