Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Техникалық сала маманымен кездесу өтті

Техникалық сала маманымен кездесу өтті

Бүгін Жұбанов университеті техникалық факультетінің «Автокөлік және жол қозғалысын ұйымдастыру» кафедрасының ұйымдастыруымен «Жас техникалық мамандар — еліміздің болашағы» тақырыбында Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты, техника ғылымдарының кандидаты, «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің және «Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпаизовамен кездесу өтті. Кездесуге факультет профессор-оқытушылар құрамы мен «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» және  «Көлікті  пайдалану және  жүк  қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» мамандықтарының студенттері қатысты.

Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан факультет деканы Өтеген Сариев жиналғандарға мәртебелі қонақты таныстырып өтті. Кездесуде сөз алған Жеңісгүл Мұхамбетпаизова өзінің өмір жолына, бағындырған белестеріне тоқтала отырып, жастарды заман талабына сай білім алуға, көп тілді меңгеруге шақырды. Сонымен қатар елімізге білімді, озық технологияларды жетік меңгерген, кәсіби білікті мамандар қажет екендігін, жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру оқу орындары арасында байланысты күшейте отырып, бірлесе жұмыстар жасау керектігін баяндады. Өзі басшылық жасап отырған Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінде университет түлектерінің жоғары деңгейде жұмыс жасап жатқандығын да тілге тиек етіп өтті.

Кездесу барысында студенттер келген қонаққа сұрақтар қойып, оған толыққанды жауаптар алды. «Автокөлік және жол қозғалысын ұйымдастыру» кафедрасының меңгерушісі  Абзал Мұхтаров оқу ордамызда сапалы заманауи білім беруде университет тарапынан жасалып отырған жұмыстарды айта келе, алдағы күндерде білім беруде тек нәтижелі жұмыстарға бағыт берілетінін кездесу соңында қорыта айтты.