Воскресенье, Январь 29, 2023
Басты > БАҚ біз туралы > “Құдайберген Жұбанов әлі толық зерттелген жоқ”

“Құдайберген Жұбанов әлі толық зерттелген жоқ”

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушысы, жұбановтанушы Әлия Ұлықпанованың есімін гуглде терсек, алдына “бастамашыл” деген сөз қосылып жүреді екен. Бекер емес. Жарты сағат деп келіскен сұқбатымыз үш сағатқа жетіп жығылды. Әлия Жолдасқалиқызы Жұбановтар туралы сөз бастаса, көзі жанып, дауысы зорайып, құдды бір диссертация қорғап жатқандай әңгімелейді екен. Тұтас әңгімені газетке сыйғыза алмасақ та, ғалымның көп айтыла бермейтін әдебиетшіл, ақындық қырына қатысты тың деректерді жариялауға тырыстық.

Бала арман мен жұбановтану-шылық
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем 37 жасында аяқ асты дүние салып, артында алты бала қалдық. Шешем қара жұмыстың адамы болған. Өмір бойы мектептің еденін жуып, бізді асырады. Әкем кітапқұмар, білімді кісі болатын. Соған тартқанмын ба, кітап оқуды бала кезімнен жақсы көрдім. 3 сыныпта «Махаббат қызық, мол жылдарды» оқып бітірдім. «Ойыл» аудандық газетіне оқушы кезімнен мақалалар жазып тұрдым. Шешемнің туған інісі Жандай Тәукебаев деген Ақтөбеде белгілі журналист еді, телевизияны басқарды. Ол кісі де өмірден ерте өтіп кетті. Идош Асқар – әкемнің досы, құрдасы. Өскенде кім болатыным белгілі ғой енді (күлді-ред.). Барлығы мені журналист болады деп күтті. Дегенмен, мұғалім боламын деген ойымнан айнымай, 1989 жылы Ақтөбе педагогикалық институтында «қазақ тілі және әдебиет мұғалімі» мамандығы ашылып, біз сол факультеттің бірінші түлегі атандық. Кейін институт университет боп қайта жасақталып, ғалым жерлесіміз Құдайберген Жұбановтың есімі берілді. Қазіргі айтып жүрген рухани жаңғыру бағдарламасы қоғам қайраткері Мұхтар Арынның ректорлығы кезінде қолға алынды. «Абайтану» мұражайы ашылды. «Абайтану» арнаулы курсы барлық студенттерге оқытылды. 1992-1993 жылдары институттың 3-курсында жүргенде Құдайберген Жұбановтың ұлы Есет аға Жұбанов Алматыдан келіп, бізге сабақ берді. Сол кездерде мені бірден тіл кафедрасына баулып, диплом тақырыбын өзі ұсынбақшы болды. Белгілі себептермен диплом тақырыбы қазақтың жыраулық дәстүріне арналды. Оқу бітіріп, университетке жұмысқа тұрғаннан кейін ғана Жұбановтың әдеби мұрасын зерттей бастадым. Әлі есімде, «Жұбанов – публицист, тіл білімінің негізін қалаушы, лингвист, бірақ әдебиетші емес», «әдебиетке қатысты аз ғана еңбегінен үлкен зерттеу шыға ма, жоқ па?» деген күпті ойлар тұс-тұстан айтылып жүрді. Дегенмен, Есет аға менің жазған дүниелеріме оң бағасын беріп, екеуміз зерттеуді жалғастыра бердік. Бір өкініштісі, кандидаттық жұмысым дайын тұрғанымен, Алматыға барып, қорғауға үлгермедім. Тұрмысқа кеш шығып, балаларым кішкентай болды. Есет аға дүниеден өтерінен бұрын мені қасына шақырып «бұл тақырыпты тастап кетуге тиісті емессің» деп тапсырып кеткені бар. Тастамайтыным сөзсіз ғой. Енді қорғаймын деп талаптанып жүргенде 2012 жылы күйеуім аяқ астынан дүниеден өтті.

Феномен және жоғалған еңбектер
Есет Жұбановтың жетекшілігімен ғалымның әдеби зерттеушілік жағын, ақындығын зерттедім. Тақырыбым «Фольклор және әдебиет зерттеушісі» деп аталды. Жоғарыда айтып кеткендей, бұл тақырыпқа әуел баста қырын қарағандар, күмәнмен қарағандар көп болды. Себебі Құдайберген Жұбановты күллі жұрт түрколог, тіл білімінің негізін қалаушы, лингвист, публицист деп біледі. Ал, әдебиетке қатысты еңбектері саусақпен санарлық. «Абай – қазақ әдебиетінің классигі», «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы», сосын ұзақ уақыт ұлы Есет ағаның қолында қолжазба күйінде сақталған Яссауи туралы «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» деген үш үлкен зерттеу еңбегі бар. Оның ішінде 1934 жылы жазып бастаған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуі аяқталмай қалған. Абайға «классик ақын» деп ғылымда ең бірінші баға берген осы — Құдайберген Жұбанов. Ал, Яссауи туралы еңбегі өткен ғасырдың 30-жылдары нағыз солақай саясаттың өршіп тұрған уақытында жазылып, кейінірек басқа адамдардың атынан жарияланып кеткен. Ол былай болған: Жұбанов Ақтөбеде еңбек еткен жылдарында досы Жанғазы Жолаевпен бірге пәтер жалдап тұрады. Сол Жолаевтың қолында ғалымның Яссауи туралы еңбегі қолжазба күйінде сақталып, 1950 жылдары кейбір үзінділері Жолаевтың атынан жарияланып кетеді. Академик Рәбиға Сыздықова мұны өзінің еңбектерінде ашық айтады. Алайда дүниеден өтер шағында Жанғазы ақсақал Ахмет Жұбановты шақыртып, қолжазбаны сол күйінде тапсырған екен. Есет аға «әкемнің біраз дүниелеріне жиендік жасалды» деп өле-өлгенше өкініп кетті. Шәкірттерінің өзі ұстаздарының еңбектерін өз аттарынан жариялап жіберген. «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» еңбегінде әдебиетші ғалым синкертті өнерге жататын фольклорды кешенді зерттеу керек деп сонау өткен ғасырдың басында айтып кеткен. Филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Жұбановтың тікелей шәкірті болғандықтан, ағаймен тығыз араласып тұрдым. Бірге Алматыға барып, Ақырап аға, Мүслима апайдың үйлерінде болдым. Есет аға әкесіне қатысты әрбір дүниені көзінің қарашығындай сақтап, архивтен шағын еңбектері табылса, соған жүрегі жарылардай қуанатын. Әкесінің терең білімін толық меңгерген кісі ғой. Ақтөбедегі ғылыми мектептің қалыптасуына мұрындық болған да өзі. Туған жеріне дер кезінде келді. Жұбанов 1957 жылы ақталғанымен 1990 жылға дейін есімі мен еңбектері жабулы қазан күйінде жатты. 1990 жылдардан кейін ғалымның есімін жаңғыртуға тікелей ұрпақтары себепкер болды. Өзінің зерттемеген саласы жоқ, Ақтөбеде оқу-ағарту саласында жүргенінде бүкіл пәннен сабақ берген. Сосын барлық салаға аса білімдарлық танытып, әдебиетке қатысты еңбектерін тарихи салыстырмалы зерттеу әдістерін қолданып жазып шыққан. Жазбаларын қарап отырсаңыз, бірде-бір құрғақ теорема жоқ. Әр сөзін дәлелмен, айғақпен түйіндеп отырады. Өзі 18 тілдің ішінде араб, парсы, грузин, иран, неміс, т.б. сол сияқты өзге ұлттардың тілінде еркін сөйлеген.

Ақындық қыры мен Қасқабасовтың сыны
Шығыстың шынары атанып кеткен сыршыл ақын, ғұлама ойшыл Омар Хайямның кей-кейде көңілі соққанда ғана қағаз қиқымына жазып кеткен рубаяттары теңдессіз ақын екендігін паш етті. Сол секілді Құдайберген Жұбанов та тіл ғылымына қатысты еңбектерімен қатар, тіпті одан бұрынырақ та арагідік өлең, памфлет, фельетондар жазып тұрғаны белгілі. Бала кезінен құрбы-құрдастарына, жеңгелеріне әзіл өлең шығарып, ел аузындағы жыр-толғауларды жатқа айтып жүрсе керек. «Наурыз құтты болсын» өлеңі 17-18 жасында жазылған. Бұл өлеңінің көпшілікке беймәлім болып келуінің себебі бар. Ғалымның өлеңдері көп талданбаған еді. Туғанына 100 жыл толуына орай 1999 жылы «Ақтөбе университеті» газетінде «Өлеңмен ойын өрген ғұлама еді немесе Қ.Жұбановтың ақындығы жайында» деген ілкі мақалам жарық көрді. Осы мақалада жұбановтанушы ретінде бірнеше өлеңдерін талдап шықтым. Ішінде сіздердің басылымдарыңызда сөз болған «Наурыз құтты болсын» деген өлеңі де бар. Одан бөлек «Сәлем айт, барғандарың, Раушан қызға», «Ай» қолжазба журналына», «Жайлауда», «Ауылға хат», «Жаңа рамазан батасы» деген өлеңдері ғалымның өмірі мен шығармашылығы арналған еңбектерде жарық көрген. Талантты ақын болмаса да, бірақ мына өлеңдерінің жазылуы шығармашылық, қаламгерлік қырының қалыптасуына себепкер болған. Бұл енді ғылыммен айналыспай тұрғанда ауылда жүргенде жазған өлеңдері ғой. Әсіресе «Ауылға хат» деген өлеңін жақсы көріп талдадым. Түрмеге түсіп қалған азғантай уақытында елдегі саяси ахуалға алаңдап жазса керек. Өте батыл адам болған. Қайбір жылы Алматыдан үлкен ғалымдар келіп, ішінде фольклоршы, ғалым Сейіт Қасқабасов та бар, осында ауқымды конференция өтті. Жиырмадан енді асқан кезім. Осы өлеңді бастан-аяқ талдап шыққан соң, Есет ағайға «ізденемін деп тұрған жас балаға Жұбановты ақын ететіндей тақырып бергенсің бе» алматылық ғалымдардың батырып айтқаны есімде. Шынында, мен ол кісіні ұлы ақын деп отырғаным жоқ. Қолымызда не мұрасы бар, бәрін шамамыз келгенше жарыққа шығару мақсатымыз болды. Памфлет жанрында жазылған «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір» деп аталатын шағын, бір жарым беттік шығармасы бар. Оны да талдадым. Құрмантай деген кедейдің өмір бойы байдың малын бағып, жалшы болып жүріп, революциялық төңкеріс кезінде «оянуы» сөз болады. Негізі Жұбанов десе, өзімді де, уақытты да ұмытып кететін «әдетім» бар (күлді-ред.)

Жұбановты насихаттау және ұстаз тілегі
Қарапайым халық тегіс Құдайберген Жұбановтың еңбектерін біле бермеуі мүмкін. Бірақ біз осы жолда қолымыздан келгенше аянбай еңбек етіп жүрміз. Қайда жүрсек те, біртуар тұлғаның есімін насихаттауға күш саламыз. Сауалнама жүргіземіз, арнайы дәрістер оқимыз, диплом тақырыптарына аламыз. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғай алмасам да, Қ.Жұбановтың әдебиетке қосқан үлесін, ақындығын зерттеп, сіңірген азды-көпті еңбегім бар. Ғылыми атағы жоқ, қарапайым университеттің оқытушысымын. Дегенмен, халықтың ғасырлық тұлғасын оқыған сайын жаңа қырынан тани түсіп, әрі қарай тереңіне бойлай беруді мақсат еттім. Жұбанов толық зерттелді, болды-толды деп айтуға болмайды. Ғылым – шексіз дария. 60-70 ғылыми мақалаларым мен БАҚ беттерінде жарық көрген материалдарым бар. Осы ретте фольклор мен әдебиетке қатысты қырын әлі де болса зерттей түсу қажет. Сондықтан қазіргі уақытта оқу құралын жазу үстіндемін. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстарымның басын біріктіріп, үлкен монографиялық еңбек жазғым келеді. Тағы бір ерекше айта кететін жайт бар: 1990-шы жылдардың ішінде сол кездегі ректор Мұхтар Арынның бастамасымен университеттің бүкіл студенттеріне «Абайтану» арнаулы курсы жүргізілді. Керемет бастама болатын. Қазір енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жер-жерде қолға алынып жатыр ғой. «Жұбановтану» арнаулы курсы ашылып, барлық ЖОО-да, мектептерде оқытылса деген тілегім бар. Қазір тек филология факультеттеріне ғана оқытылып жүр. Мақтанғаным емес, бірақ түсіндірсем, кез-келгеннің көңіліне қозғау сала аламын, қызығушылығын оята аламын. Ол қолымнан келеді. Әркім өз елінің патриоты болу керек! Құдайберген Жұбановтың 5-6 өлеңі мен санаулы әдеби зерттеуін ысырып тастап, «әдебиетші емес», «ақындығы осы ма» деп кесіп айтуға болмайды. Ол үшін сансыз еңбектердің де қажеті жоқ. Сапасы басым боп жеткен бірер поэтикалық туындыларының өзі оны еріксіз «ақын» етіп отырған жоқ па?!
Сұқбатыңызға рахмет!

источник