Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбенің құрметті азаматы, профессор Цхай Константин Валентинович – 75 жаста

Ақтөбенің құрметті азаматы, профессор Цхай Константин Валентинович – 75 жаста

Цхай Константин Валентинович–Қызылорда облысы, Жаңақорған қаласының тумасы. Ол Қызылорда педагогикалық институтын «Физика және жалпытехникалық пәндер» мамандығы бойынша тәмамдаған соң Мәскеу ғылыми-зерттеу физика-химия институтының «Молекулярлық спектроскопия» мамандығына аспирантураға оқуға түседі. Еңбек жолын туған елінде мектеп мұғалімдігінен бастаған ол 60-шы жылдардың аяғында Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетке қызметке келді. Жас ұстаз жоғары оқу орнында қызмет істеп жүріп қатардағы оқытушылықтан кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректор, бірінші проректор лауазымдарынан өтті. Бүгінде Константин Валентинович ректор кеңесшісі қызметін атқарады.

К.В.Цхай молекулярлық спектроскопия және ядерлік физикаға байланысты зерттеулерге тың үлесін қосқан, осы бағытта 60-тан астам ғылыми мақалалар жариялаған ғалым. Ақтөбе жұртшылығы оны қоғам қайраткері ретінде де жақсы таниды. Қазақстан корейлер Ассоцациясының  Ақтөбе филиалын 17 жыл бойы басқарды, қазір де осы ұйымда төраға орынбасары. 2007-2012 жылдары қалалық мәслихат депутаты болып, Ақтөбенің әлеуметтік-мәдени даму  бағытын жақсарту бойынша комиссияны басқарды. Елбасын сайлауда Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілі болып, міндетін лайықты атқарғаны үшін үш рет алғыс хат алған.

Константин Валентинович білім, ғылым салаларына және ел мүддесіне бағытталған іс-шараларға қосқан елеулі еңбегі үшін талай рет мемлекеттік марапат пен құрметке ие болып, оның омырауында «Ерен еңбегі үшін» Қазақстан ұлттар Ассамблеясының «Бірлік», Ы.Алтынсарин атындағы және де Ел тәуелсіздігінің, Ата заңның, Астананың мерей тойларына арналған    төсбелгілер жарқырады.

2006 жылы ұлтаралық ынтымақтастықты бекіту  мен сақтау, жылдар бойғы жастарды білімге баулу мен тәрбие беруге қосқан үлесі үшін «Ақтөбе облысының жыл адамы» болып танылды.

2016 жылы оған «Ақтөбе облысының қүрметті азаматы» атағы берілді.

Қашанда сергек көңілде, ширақ жүретін ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері  Константин Валентинович бүгін мерейлі 75 жасқа толып отыр. Біз ардақты әріптесті қуанышымен құттықтап зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз!