Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жастардың ғылымға ұмтылысына қолдау

Жастардың ғылымға ұмтылысына қолдау

Бүгін Жұбанов университетінде  Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас ғалымдардың  XIV Халықаралық «Жастар, ғылым және инновациялар» ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Оған қатысу үшін  қазақстандық және ресейлік зерттеушілерден 602 мақала қабылданды.

Мақалалар ғылымның теориялық және қолданбалы аспектілерінің барлық бағыттарын қамтыды. Конференция барысында жаратылыстану, техника, гуманитария, әлеуметтік және экономика салаларындағы студенттердің, магистранттардың, аспиранттардың және докторанттардың ғылыми зерттеулері бойынша баяндамалары тыңдалды.

Конференция  жұмысы «Жастар – заманауи қоғамның инновациялық әлеуеті. Мемлекеттің жастар саясаты: отандық және шетелдік тәжірибе», «Ғылым, техника және технология: жас зерттеушілер тәжірибесі», «Білім берудегі инновация», «Әлеуметтік – гуманитарлық ғылымдар дамуының қазіргі мәселелері мен тенденциялары (философия, әлеуметтану, саясаттану, тарих, мәдениеттану), «Жаратылыстану ғылымдарының даму бағыттары мен болашағы»,  «Психологиялық педагогикалық зерттеулер дамуының жағдайы мен болашағы» тақырыптарындағы  6 секция  бойынша  жалғасты.

Келіп түскен ғылыми мақалалардың мазмұнына  қарап отырып, жастарды қазір білім саласындағы инновациялық әдістер (61 баяндама), техника және технология мәселелері (138 баяндама) көбірек қызықтыратыны байқалды. Сонымен қатар, жас ғалымдар өз зерттеулерінде басты бағыттардың бірі ретінде психология және педагогиканың дамуына назар аударатыны көрінді (47 баяндама).

Конференцияның пленарлық мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысты. Ол жас ғалымдарға Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаевтың құттықтауы мен ізгі тілегін жеткізе отырып, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласындағы көрсетілген  бағыттарды жүзеге асыруда өңірде жүзеге асқан  ауқымды істерді атап өтті.

Университеттің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев баяндамасында оқу орнының студенттерінің зерттеу жұмыстарымен шұғылдануына барлық жағдай жасалып отырғанына тоқталды.

Ол сондай-ақ,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы бір жыл ішінде университетте көптеген дәрісханалардың жаңартылып, жабдықталғанын, атаулы кабинеттердің ашылғанын айтып өтті. «Университеттің үздік студенттері  академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Еуропа, Азия және Америка елдерінде семестрлік оқудан өтіп жатқанын және осы мүмкіндікті пайдаланып,  олар жаһандық мәселелерді зерттеуде шетелдік тәжірибені үйреніп келеді. Осындай озық студенттердің  қатарына қосылу үшін қалған жастар да шетел тілдерін үйренуге ұмтылады», — деді, Қ.Шүңкеев.

Сонымен қатар, конференцияда Ресейдің Челябі қаласындағы Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің «Пирометаллургиялық үдерістер» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты,  доцент,  жас ғалым Павел Гамовтың жасаған «Металдарды кешенді тотықтарда тотықсыздандыру» тақырыбындағы баяндамасы үлкен қызығушылық тудырды. Сондай-ақ, алматылық және ақтөбелік зерттеушілер Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Музыкалық театр әpтіci» мамандығының 2-курс студенті Жанель Рыскелдинова мен Жұбанов университетінің «Дизайн» мамандығының 4-курс студенті, «Үздік студент» төсбелгісінің иегері Әсел Избастина да ғылыми жұмыстарын назарға ұсынды.

Конференция алдында қонақтар мен қатысушылар «Рухани жаңғыру» көрмесіне қойылған университеттің жас ғалымдарының жетістіктерімен танысты.

Бүгінгі конференция жастардың ғылымға құштарлығы мен ұмтылысын қолдаудың бір нышаны ретінде жоғары деңгейде өтті.