Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жастар саясаты > Бүгін Жұбанов университетінде ғашықтар күні аталып өтті

Бүгін Жұбанов университетінде ғашықтар күні аталып өтті

«Ғашықтық – мәңгілік жыр» тақырыбында өткен бүгінгі мерекелік кеш «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының сахналық композициясымен басталды.

Жастарды мерекелерімен құттықтаған оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова: «Ежелден адам баласы ұлы махаббат сезімін ерекше қадірлеп, қастерлеп келген. Кіршіксіз махаббатқа толы жүрек иелері Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін атап өтіп жатырмыз. Мен сіздерге осы бір аялы сезімді құрметтеп жүрулеріңді тілеймін», — деп, наурыз айында жарияланған университетішілік байқаулардың жеңімпаздары мен үздік студенттерін марапаттады.

Атап айтар болсақ, университеттің жаратылыстану факультетінің студенті, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының «Үздік жауынгері», университеттік «Атамекен» штабының комиссары Арман Қибатовқа, кәсіби-шығармашылық факультетінің студенті, Павлодар қаласында өткен ҚР  7-ші қысқы универсиадасында  пауэрлифтинг спорт түрінен  I орын иегері Таисия Дьяченкоға, кәсіби-шығармашылық факультетінің студенті,  жүзу спортынан Азия чемпионатында 3 орын иегері,  2017жылғы «Дүниежүзілік қысқы универсиаданың» алаушысы, ҚР-ның спорт шебері Әлібек Камзеновке «Үздік студент» төсбелгісі тапсырылды.

Сондай-ақ, университеттегі жатақханалар арасында өткізілген  байқаулардың  қорытындысы бойынша «Үздік студенттік бөлме» номинациясы бойынша  №2 жатақхананың 325 бөлмесі,  «Үздік қабат»  номинациясы бойынша «Жастар үйінің» 3-ші қабаты,  «Үздік студенттік кеңес» номинациясы бойынша «Жастар үйінің» студенттік кеңесі,  «Ең үздік студенттер үйі» номинациясы бойынша №1 жатақхана және  университет ғимаратын безендіру мақсатында өткізілген «NATURAL PARADISE» («табиғи жұмақ») атты байқау бойынша Кәсіби-шығармашылық факультеті марапатталды.

Мерекелік шағын концертпен аяқталды. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мерекелік кешіне университет түлектері,  өнерлі жұп, эстрада жұлдыздар Дулат пен Рита Айтжановтар арнайы келіп, жастарды құттықтады.