Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми-әдістемелік семинарда «Әдеби білім берудегі мәдениеттер диалогы» қарастырылды

Ғылыми-әдістемелік семинарда «Әдеби білім берудегі мәдениеттер диалогы» қарастырылды

Жұбанов университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасы мен  Ресей Федерациясы Татарстан Республикасы Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университеті Татар тілі, әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының бірлесе ұйымдастыруымен «Әдеби білім берудегі мәдениеттер диалогы» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Семинарға профессор-оқытушылар құрамы, қазақ әдебиеті кафедрасы филиалдары орналасқан №24 лингвистикалық гимназиясы мен №56 орта мектеп мұғалімдері, магистранттар мен студенттер қатысты.

Семинардың ашылуында сөйлеген сөзінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі М.Р.Балтымова: «Әдебиетті оқытудың өзекті мәселелеріне арналған әдістемелік семинар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Бүгінгі семинарда орыс, татар және қазақ мәдениеттерінің диалогы негізіндегі әдебиеттен білім беру моделі, жоғары оқу орнында және орта мектепте әдебиет пәндерін оқыту мазмұнындағы мәдениеттер диалогының педагогикалық моделін жүзеге асырудың әдістемелік жолдары, әдебиеттанудағы, педагогика мен әдістемедегі мәдениеттер диалогы мәселесі қарастырылатын болады», — деп атап өтті.

Семинар барысында филология ғылымдарының докторы, профессор В.Ф.Макарова әдебиеттану, педагогика және әдістемеге байланысты  «Проблемы диалога культур в литературоведении, педагогике и методике» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.  Келесі кезекте филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Р.Балтымованың  «Қазақ және татар әдебиеттеріндегі тарихи прозаны оқыту әдістемесі: салыстырмалы аспект», магистр, аға оқытушы Г.С.Обаеваның «Инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияларды қолдану арқылы студенттердің   қызығушылығын дамыту», орыс тілі мен мәдениетаралық қарым-қатынас кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Н.Р.Халимуллинаның «Критериальное оценивание как фактор повышения качества знаний студентов» тақырыбындағы лингводидактика, педагогикалық жаңа технологияларды  қолданудың тиімділігі, инновациялық технологиялар, дуалды оқыту жүйесі туралы тың мәліметтерге толы баяндамалары қатысушылар тарапынан қызу талқыланды.

Семинарға қатысқан Ресей Федерациясы Екатеринбург қаласынан келген Ресей мемлекеттік кәсіптік-педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі,  филология ғылымдарының докторы, профессор А.А.Евтюгина семинарда талқыланған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, филолог мамандарды даярлауда оқу үдерісінде аталған мәселелердің маңыздылығы зор екенін атап өтті.

Студенттер мен магистранттар  ғалымдарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды, профессор-оқытушылар ғылыми ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.  Семинар  соңында қатысушыларға  сертификаттар табысталды.