Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет бітірушілерін жұмысқа орналастырудың тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды

Университет бітірушілерін жұмысқа орналастырудың тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды

Бүгін Жұбанов университетінде «Университет бітірушілерін жұмысқа орналастырудың тиімділігін арттыру»  тақырыбында  кездесу өтті.

Кездесу екі күнге жоспарланған. Бірінші күні Алға, Хромтау, Мартук, Қобда, Қарғалы, Шалқар аудандарының әкімдері мен аудандық жұмыспен қамту бөлімі мамандары  қатысты. Ертең  Байғанин, Темір, Мұғалжар, Ырғыз, Әйтеке би, Ойыл ауданының әкімдері келуі күтілуде.

Жиында сөз сөйлеген  университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Бес әлеуметтік бастамасы» жобасы бойынша бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау, түлектерді жұмыс қамту мәселесінде «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Серпін» және «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Біздің міндетіміз – қазақстандық жас мамандарға осы жобалар мен бағдарламалар арқылы қолдау көрсету, аталған бағдарламалардың жүзеге асуына атсалысу.   Биыл Жұбанов университетін 1749 түлек бітіреді. Біз Жұбанов университеті  дайындайтын 8 бағыт бойынша, яғни экономика бағыты, білім бағыты, құқық, қызмет көрсету бағыты,  өнер, гуманитарлық және жаратылыстану, техникалық ғылымдар мен технологиялар бағыты бойынша бітіретін жоғары  білікті мамандар туралы ақпараттарды ұсына отырып, еңбек нарығында басымдықтарға ие мамандықтарды насихаттау, өңірде жұмысқа орналастыру  мәселелерін шешуде университет түлектерін қамтуға көмектесу мүмкіндіктерін анықтау мақсатында кездесіп отырмыз», — деді.

Бүгінгі кездесуге қатысқан аудан әкімдері өз аймақтарының даму бағдарламаларымен таныстырып, әлеуметтік мағынасы бар жобаларды жүзеге асыру жайында айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, бос жұмыс орындары туралы ақпараттар ұсынды.

Сондай-ақ, кездесуде университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұржан Бердыбаев сөз алып, «ҚР 2017 жыл 5 мамыр  №60-VІ заңымен Бюджеттік кодекстің 54-бабына өзгеріс енгізілуіне байланысты, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға мамандарды дайындау бойынша облыстық бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндік беретін құқықтық нысандар көзделген. Алайда бұл заңда көрсетілген  мүмкіндіктер қолданылмай отыр.  Дегенмен, облыс әкімінің стипендиясы дәстүрлі түрде жарияланып тұрады. Бірақ, бұл облыс әкімінің стипендиясы 1 жылдық оқу ақысын төлеумен  тағы сол сияқты марапаттаулармен шектеліп отыр. Сонымен қатар, бұл қаржыландырулар бітіруші мамандарға ешқандай міндет жүктемейді»,- деп,  аудан әкімдеріне кадр тапшылығын жою бағытындағы  төмендегі университет ұсыныстарын жеткізді.

Атап айтқанда, әрбір аудан әкімшілігі аудандарына қажетті мамандар тізімін жасақтап, облыстық бюджеттен қаржы бөлу (бюджет мүмкіндігіне қарай әр ауданға 5-10 грант бөлу) мәселесін шешу жолдарын қарастыру; жергілікті грант бөлу туралы ережені жасақтап, бекіту; әр аудан әкімшілігі арқылы оқитын талапкерлерді үш жақты келісім-шарт үлгісін бекіту (әкімшілік, университет, талапкер);  үш жақты келісім-шарт арқылы өздеріңіз оқытқан кадрды өз аудандарыңызға қызмет етуге міндеттеме жүктеу; аудандардағы өндіріс орындарының арнайы грантын ұйымдастыру; жергілікті грант конкурсын мемлекеттік грант нәтижелері шыққаннан кейін,    яғни, 10-20 тамыз аралығында өткізу; жергілікті грант конкурсын ұйымдастыру комиссиясын бірлесе отырып құру; түлектер мен оның ата-аналарына ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын бірігіп жүргізу сынды ұсыныстарды көпшілік назарына ұсынды.

Сонымен қатар, Нұржан Махсатбайұлы  «Осы ұсыныстар оңтайлы шешімін тапқан жағдайда, жергілікті әкімшіліктер кадр тапшылығын жоюға қадам жасалып, жастар әлеуметтік қолдау тапқан болар еді», — деді, сөз соңында.

Кездесу соңында аудандық жұмыспен қамту бөлімдері мамандары бітірушілермен танысып,  жеке сұқбаттасты.