Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақстанда әлемнің ең таңдаулы 100 кітабы қазақ тіліне аударылуда

Қазақстанда әлемнің ең таңдаулы 100 кітабы қазақ тіліне аударылуда

Осыған  байланысты Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жасалған жұмыс нәтижелері таныстырылды.  Жиынға Жұбанов университетінің филология факультетінің деканы, профессор Садирова Күлзат Қаниқызы қатысты.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы туралы Мемлекет басшысы жарияланғанына бір жыл толған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтқан болатын.

Аударылуға ұсынылған кітаптар гуманитарлық ғылыми білімнің кең ауқымын қамтиды, ішінде философия, әлеуметтану, тілдерді оқыту, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, антропология, журналистика мен т.б салалар бар. Аталған уақыт аралығында түпнұсқадан қазақ тіліне 18 кітап аударылған. Олардың ішінде Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға  дейін», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революциясы»  сияқты  шығармалар бар. «Аударылуға ұсынылған кітаптарды іріктегенде олардың әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқылатыны басты назарда болған екен. Бұл кітаптар әлемнің 42 елінде қолданыста екен, қазақ тілінен басқа бұрын 34 тілде басылыпты. Өте құнды, бағасы қымбат кітаптар.  Біздегі дайын шығармалар алдағы жаңа оқу жылынан бастап пайдалануға берілмек. Бұл шығармаларды оқытудың еліміздің жарқын болашағына тигізер ықпалы   зор екенін жиында  Елбасы сеніммен айтты. Ағымдағы жылда тағы 30 кітап аудару жоспарланған»,-дейді, өз ойларымен бөліскен профессор К.К. Садирова.

Барлық оқулықтардың электронды нұсқалары және соның негізінде әзірленген бейнедәрістер топтамасы Қазақстанның ашық университеті платформасы (OpenU.kz) арқылы таратылады.