Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әлемдік ғылымға барар жол

Әлемдік ғылымға барар жол

100 жаңа оқулық


Дәулет ӘБЕНОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы — елімізге қажет маңызды жоба. Мысалы, әлемде көптеген алдыңғы қатарлы туындылар бар. Олар ағылшын тілінде шыққан соң біздің жастарға қолжетімсіз. Егер әлемнің мықты туындылары, атап айтсақ, классикалық, әдеби-көркем шығармалар, ғылыми еңбектер қазақ тілінде шығатын болса, жастардың ғылымға деген жолы ашылады.

Біз жаһандану заманында әлемдік ғылымның кеңістігіне енеміз. Сондықтан бұл — өте пайдалы жоба.

Қазіргі таңда АҚШ, Еуропа сияқты дамыған елдерде көптеген кітаптарды адамдар арнайы барып, қымбат бағаға сатып алып оқиды. Осы тұрғыда біздің Үкімет жастарға үлкен қолдау көрсетіп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болашақта оқулықтарды жастарымыздың тегін, тіпті интернет арқылы онлайн режимде оқуына мүмкіншілік туып отыр.

Кеңес заманында қазақ тілінде мұндай оқулықтар болған жоқ, тіпті қарапайым тарихқа, дүниежүзілік тарихқа байланысты оқулықтар болмады. Біз кітаптарды орысшадан қазақшаға аударып, өзіміздің көп уақытымызды жоғалттық. Ал қазір студенттерге Үкімет осындай мол мүмкіндік жасап отыр. Бұл — құптарлық жұмыс, мұны ары қарай жалғастыратын болса, жастар үшін үлкен игі іс.

Осы жобаға байланысты биыл біздің университетте көптеген игі істер атқарылды. Соның бірі — университет оқытушылары мен ғалымдарының Ақтөбе облысының тарихи тұлғалары туралы, Ақтөбе жерінде, топырағында өмір сүрген ғалымдар, өнер адамдары жайында жазған еңбектердің жарыққа шығуы. Болашақта осы бағытта «Жұбанов кітапханасы» сериясы арқылы оқытушылардың өлкенің тарихына, географиясына, өнеріне, тарихи ескерткіштерге арнаған көптеген еңбектері жарыққа шығарылмақ. Жақында осы сериямен 10 томдық кітап баспанадан шықты. Алдағы уақытта осы еңбектердің санын 100-ге дейін жеткізу жоспарда бар.

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ НЫҚ СЕНІМ

Жайық СҰЛТАН,

жас ғалым, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

Мемлекет басшысының «100 жаңа оқулық» жобасы — болашаққа жасалған сенімді қадамның бір көрінісі.Технология қанша дамыса да, кітап жазу мен оқу әрдайым өзекті болып қала бермек. Дегенмен, оның ішінде де классикалық дүниелер мен мазмұны тез ескіретін қолжазбалар болады. Осы ретте әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылуы құба-құп. Өйткені әлемдегі ең озық кітаптарды аудару арқылы біз әлемдік ғылым мен ілімнің кереметтерімен өз тілімізде сусындап, болашағымызға жол ашамыз. Кітаптар латын қарпінде басылып шығарылғаннан кейін, оны тек біз ғана емес, шетелде жүрген жастарымыз да оқи алатын болады.

Жаңа жоба әсіресе жастарға айқын бағыт-бағдар көрсететін бірегей құрал болғалы тұр. Бір қуантарлығы — оқулықтардың қолжетімділігінде. Кітап түрінен басқа, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта болатындығы жас ғалым ретінде өзімді қатты қуантты. Елбасымыз айтқандай, «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор. Өйткені жаңа оқулықтар — расымен де  эксклюзивті гуманитарлық кітапхана.

 ЖАСТАР КҮТКЕН ЖОБА

Арман БЕРДОҢҒАРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекетік университетінің физика-математика факультетінің студенті

Астанадағы Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өткізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында осы уақытқа дейін 18 кітап жарыққа шыққан. Олардың қатарында философия, дінтану, тіл, әлеуметтану саласына қатысты оқулықтар бар. Жиында айтылғандай, бұл оқулықтар 10 мың данамен басылып, алдағы айда жоғары оқу орындарына, кітапханаларға таратылады. Бұл бізге, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы шығармаларды өз тілімізде оқуға мүмкіндік береді. Шыны керек, тілді дұрыс білмеу кейде ғылым саласында еркін ізденіске кедергі болады. Осы бағытта бұл бастама бізге үлкен көмек болып отыр.

Мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекетік университетінде физика-математика факультетінде үшінші курста оқып жатырмын. Өзім «Кемал» жастар театрының құрамында актерлік қабілетімді сынап жүрмін, осы театрдың белсенді мүшесімін. Яғни, қазір жастар тек бір бағытта ғана білім алып қоймай, қолы бос кезде басқа да салаларда да ерінбей еңбектенуі қажет деп білемін. Жеке ізденістер барысында маған әлем тілдерінен аударылатын үздік «100 оқулықтың» үлкен көмегі тиеді деп ойлаймын.

«100 оқулық» жобасы көптеген олқылықтың орнын толтыруға да септігін тигізеді деп ойлаймын.

 

http://www.aktobegazeti.kz/?p=65265