Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Рухани жаңғыру және археологиялық мұра Марғұлан оқулары-2018» халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды

«Рухани жаңғыру және археологиялық мұра Марғұлан оқулары-2018» халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды

Жұбанов университеті мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі, ҚР БЖҒМ БК Ә.Х.Марғұлан атындағы  Археология институты және Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлескен аталмыш конференция екі күнге созылады.

Әлкей Хақанұлы Марғұлан (1904 – 1985 жж.) – Ұлттық археология және этнография мектебiнiң негiзiн қалаушы, филолог, өнертанушы, шығыстанушы. Филология ғылымының докторы (1945), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1958), профессор (1960), Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi (1961). Ленин, Еңбек қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен марапатталған. Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлық тарихы салаларындағы терең білімімен көзге түскен. Орталық Қазақстандағы атақты Беғазы-Дәндібай мәдениетін алғаш ашқан.

Конференция Мемлекеттік идеологиялық бағыттағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті географиясы», сонымен қатар Астана қаласының 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өткізіліп отыр.

Конференцияға Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Самара, Уфа, Новосибирск, Киев, Донецк, Баку, Ташкент, Нукус, Бішкек, Әзірбайжан және Қырғызстаннан Еуразия Далалық белдеуінің тарихы мен мәдениетін зерттеуші көрнекті ғалымдар және Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Шығыс  Қазақстан облыстарынан және Алматы мен Астана қалаларынан тарих, мәдениет, өлкетану саласының мамандары қатысты.

Пленарлық мәжілісте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаевтың конференцияға қатысушыларға  құттықтауы мен ізгі тілегін жеткізе отырып, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласындағы көрсетілген  бағыттарды жүзеге асыруда өңірде жүзеге асқан  ауқымды істерді атап өтті.

Сонымен қатар Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембектовтің құттықтау сөзін университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров жеткізді.

Аталмыш конференцияда Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға байланысты маңызды сұрақтарды талқыланды.

Конференция барысында «Ұлы Жібек жолының сакралды географиясы», «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР заң жобасын талқылау дөңгелек үстелдері өткізіледі. Ғылыми шара жұмысы ертең аяқталады.