Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің 500-ден астам биылғы түлегі педагогтар қатарын толықтырады

Жұбанов университетінің 500-ден астам биылғы түлегі педагогтар қатарын толықтырады

Бүгін Жұбанов университетінде «Білім» бағыты бойынша «Түлектерді еңбекке орналастыру-2018» шарасы өтті.

Аталмыш шараның басты мақсаты – университет түлектерін еңбекке орналасуға жәрдемдесу.

Шараға Ақтөбе облыстық білім басқармасының, қалалық және аудандық білім бөлімінің және аудан әкімшілігінің өкілдері, Ақтөбе қаласындағы мектептер мен оқу орталықтарының басшылары қатысты.

Айта кететін жайт, бұл шара жыл сайын бітіруші түлектер үшін  дәстүрлі түрде, оқу жылының аяқталуы қарсаңында ұйымдастырылады.

Түлектерді болашақ жұмыс орындарына бөлу Ақтөбе облыстық білім басқармасының 2018-2019 оқу жылына педагог кадрларға сұранысы мен түлектердің білім беру ұйымдары және мектепке дейінгі ұйымдардан алған жеке сұраныстарының негізінде жүзеге асырылды. Факультет декандары мамандықтар бойынша бітіргелі отырған түлектерді оқу-әдістемелік білім бөлімімен бірлесе, алдын-ала бос орындарға бөлген жұмыс орындарымен таныстырды.

Осы оқу жылында  университетті 536 түлек  21 педагогикалық мамандық бойынша бітіреді. Оның 134-і «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша, 144-і мемлекеттік білім гранты, 48-і ауылдық квота негізінде бітірушілер.

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова мен университеттің бірінші проректоры Қуанышбек  Шүңкеев бұл шараның жыл сайын ұйымдастырылуы оқу орнын тәмамдайтын бітіруші  түлек үшін үлкен мүмкіндік екенін айтып, әр түлектің жұмыссыз қалмаына барынша мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.

«Білім» бағыты бойынша биылғы түлектердің жұмысқа орналасу  көрсеткіші 94% құрап отыр.

Шара соңында шақырылған қонақтар болашақ түлектермен жеке кездесіп, жұмыс орындарын нақтылады.