Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қазақ археологиясының атасы

Қазақ археологиясының атасы

Марғұлан оқулары – 2018

Ақтөбеде «Рухани жаңғыру және археологиялық мұра. Марғұлан оқулары-2018» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Тарих, мәдениет, өлкетану саласы мамандарының басын қосқан мәжіліс «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті географиясы» жобасына, Астана қаласының 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.
Ғылыми конференцияны Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті бірлесіп ұйымдастырды. Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев мәжіліс жұмысына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың атынан сәттілік тілеп, өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
— Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланған болатын. Аса маңызды құжатқа биыл бір жыл толды. Бағдарлама аясында түрлі мәдени шаралар, жобалар қолға алынды. Соның бірі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына қатысты өңірде іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. «Марғұлан оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы да осы бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатыр, бұл әсіресе, жастар үшін үлкен олжа, — деді ол.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры атынан сөйлеген университет проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рақым Бекназаров конференция жұмысына сәттілік тілеп, жиынға қатысушыларды таныстырды. Конференцияға Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Самара, Уфа, Новосибирск, Киев, Донецк, Баку, Ташкент, Нөкіс, Бішкек, Әзірбайжан және Қырғызстаннан келген Еуразия Далалық белдеуінің тарихы мен мәдениетін зерттеуші ғалымдар және Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Алматы, Астана қалаларынан келген ғалымдар қатысты. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан атындағы қоғамдық қордың вице-президенті, ғалымның қызы Данель Марғұлан, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ «Археология және далалық өркениет» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, Германия археологиялық институтының мүше-корреспонденті Виктор Зайберт, Астана қаласының іргесіндегі Бозоқ қаласын зерттеп жатқан ғалым, К.Ақышев атындағы археологиялық ғылымм-зерттеу инситутының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдуллина, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев, Татарстан Республикасы ғылым академиясының А.Халиков атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Айрат Ситдиков, тағы да басқа ғалымдар бар.
Конференция барысында Ұлттық археология және этнография мектебiнiң негiзiн қалаушы, филолог, өнертанушы, шығыстанушы, филология ғылымының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, профессор, Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi Әлкей Хақанұлы Марғұланның қазақ тарихына қосқан өлшеусіз еңбегі туралы айтылды. Сондай-ақ, адамзаттың пайда болуынан бастап қазіргі заманға дейінгі аралықтағы Еуразия даласының археологиясы, этнографиясы, антропологиясы және тарихының өзекті мәселелері мен ғылыми жетістіктері туралы айтылды.
Әкесі туралы естеліктермен бөліскен Данель Марғұлан Әлкей Марғұланның мұрағатында әлі де жарыққа шықпай жатқан бірнеше томға азық болатын құнды дүниелердің барын айтады:
— Мен үшін әкем тұтас әлем болатын, оның дүниеден өткені маған өте ауыр тиді. Әкем көз жұмғаннан кейін бір жыл бойы оның кабинетіне кіре алмадым. Әкемнің ғылыми қолжазбаларын сұраушылар көп болды, бірақ барлығы жарыққа шықпайынша ешкімге әкемнің дүниелерін бермеймін деп шештім. Бір жылдан кейін әкемнің кабинетіне кіріп, мұрағатын қарағанымда көшпенділер тарихына, қазақ тарихына қатысты соншалықты көп байлыққа кезіктім. Әкем көзі тірісінде 10 томдығын шығару туралы жазып кеткен, бірақ біз 14 томдығын шығардық. Әлі де бірнеше томға азық болатын қолжазбалар бар. Әкем Ленинградтағы шығыстану институтында оқығанда Бартольд, Крачковский, Луначарский сынды ғалымдардан дәріс алғанын мақтан тұтты, оның әлемдік деңгейде алған білімі мен көшпенділер тарихын жақсы білгені осындай қомақты дүниелер жазуға септігін тигізді, — дейді Данель Марғұлан.
Әлкей Марғұланның тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер, металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми зерттеу жұмыстары бар. Ол елімізде этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлады. Ол қазақ археология ісінің бастау бұлағында тұрған ғалымдардың бірі. Сондықтан да шығар, ғалым даярлаған этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың буыны Әлкей Марғұланды «ата» дейді:
— Әлкей Марғұлан қазақ археологиясының атасы. Біз, ғалымдар ол кісіні тура және ауыспалы мағынада осылай айтамыз, себебі, оның ізінде мыңдаған шәкірт қалды. Әлкей Марғұлан атындағы конференция бірінші рет 1989 жылы өткізілген болатын, 1991 жылы Әлкей Марғұлан атындағы археология инситуты құрылды. Бастапқыда есеп беру конференциясы деңгейінде өткізілген шара бүгінде халықаралық ғылыми конференция деңгейіне жетті. Еліміз бойынша Ақтөбеде «Марғұлан оқулары» жиырмасыншы рет өткізіліп отыр, — деді Ә.Марғұлан атындағы археология инситутының директоры Бауыржан Байтанаев.
Б.Байтанаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бір жыл ішінде институт тарапынан шығарылған мың беттік «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» еңбегін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті кітапханасына сыйға тартты.
Екі күнге созылған конференция аясында «Ұлы Жібек жолының сакралды географиясы», «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР заң жобасын талқылауға қатысты дөңгелек үстелдер өткізілді.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=65463