Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте құжат қабылдау жұмысы жүріп жатыр

Университетте құжат қабылдау жұмысы жүріп жатыр

Мектептегі соңғы қоңырау соғылды, емтихандар аяқталды, мектеп бітіру кеші де көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жадыраған жаз мен мұндалап тұрғанымен 2017 жылғы түлектер үшін демалыстың ауылы алыста, себебі олар үлкен өмірге қадам аттағалы тұрған – жас талапкерлер. Олар үшін дәл қазір ішер асын жерге қояр үлкен сұрақ –болашақ мамандығы мен жоғары оқу орнын қателеспей таңдау.

2017 жылдың шілде айының 23-нен  бастап  еліміздегі жоғары оқу орындарында, соның ішінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің білім грантын жеңіп алу үшін құжаттар қабылдана бастады.

Қабылдау комиссиясы орналасқан бас ғимарат алдында алыстан-ақ қалың кезекте тұрған жас талапкерлер және оларды демей келген ата-ана мен жақындарының қарасы байқалады.

Қазіргі кезде университетіміздегі Қабылдау комиссиясының жұмысы қызу жүруде. Талапкерлер таңдауына оң бағыт беру үшін әр факультеттен кеңес беру жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл шара барысында болашақ студенттер факультет декандарымен кездесіп, өздерін қызықтырған сан түрлі сауалдарына жауап алып, университет тынысымен толық таныса алады. Сондай-ақ, өздері таңдаған мамандықтың қызығы мен студенттерге жасалынған жағдайлар жайынан ақпарат алып, университетіміздің студенттік өмірімен танысу мүмкіндігіне де ие болады.

Біз, талапкерлерге болашақта өз таңдаған мамандығының иесі  болуына тілектеспіз!

P.S. Мамандық таңдау – қиын және еңбекті қажет ететін іс және сіз қаншалықты ізденсеңіз, нәтижесі де соғұрлым жақсы болады. Мамандық – бұл сіздің ақылмен сүретін өміріңіз. Өзіңізді қызықтырған саланы қорғай біліңіз және сонымен бірге өзіңіз де дамыңыз, сонда ғана биік шыңдарды бағындыра аласыз!