Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Ұйқысыз өнер» жас суретшілер үштігінің көрмесі ашылды

«Ұйқысыз өнер» жас суретшілер үштігінің көрмесі ашылды

 

Жұбанов университетінің «Дизайн» мамандығының 3 студентінен құрылған суретшілер өз тобын «INSOMNIA ART» ( Ұйқысыз өнер) деп атапты.  Гүлсезім Суниятова, Айдана Орынова,  Султан Канатов Ақтөбе қаласының жұртшылығы назарына 67 үздік жұмыстарын ұсынып отыр. Жас суретшілердің жеке көрмесі бүгін облыстық өнер музейінің суреттер галереясында салтанатты түрде ашылды. Топ басшысы Гүлсезім биыл университеттегі оқуын тәмамдамақ. «Ең айшықты ойлар мен идеялар түн ішінде келеді. Сондықтан біз түнде жұмыс істегенді жақсы көреміз.

Шынайы шығармашылық иелерінің көбі солай ғой.  Гүлсезім Суниятованың  суретшілік өнерге деген құштарлығы колледж қабырғасынан басталған. Осы оқу жылы ішінде оның қолынан дүниеге келген шығармалардың саны 50-ге таяп қалыпты. «Туындыларымды жария ойлар ретінде қабылдауға болады, қазір сурет және дизайн өнерінде аралас техника сәнге ие. Графика, композиция, живопись белгілерін бір туынды бойынан көру бүгінгі күні таңсық емес. Мен де осы стильді ұстанамын. Өйткені бұл замандастарымның талғамына сәйкес»-дейді ол.

«INSOMNIA ART» үштігінің екінші мүшесі Айдана Орынова Ақтөбедегі көркемсурет лицейінің үздік түлегі. Сурет өнерін бала шағынан меңгерген. Сұлтан Қанатов та аталмыш лицейді бітірген екен. Айдана мен Сұлтан 1 курсты аяқтап жатыр. «INSOMNIA ART» үштігінің көрмесі 6-шы мамырға дейін созылады.