Суббота, Июнь 25, 2022
Басты > Жаңалықтар > Ертеңгі күннің көшбасшылары Жұбанов университетінде қалыптасады

Ертеңгі күннің көшбасшылары Жұбанов университетінде қалыптасады

 

Бұл туралы бүгін ректор Бауыржан Ердембеков Жұбанов университетінде оқып жатқан шетелдік студенттермен және шетелде білім алып келген студенттермен кездесуінде мәлімдеді.

Кездесуде Бауыржан Аманкелдіұлы: «Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» жастарсыздар. Менің арманым – университетімізден ертеңгі күннің көшбасшыларын қалыптастырып шығару. Біздің жастық шағымызда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан терең білім алып, қоғамның әр саласында жетістікке жетуге ұмтылыңыздар. Біздің университетте 11000-ға жуық студент оқиды. Өткен жылы  академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша  15 студент шетелде оқып келсе, биылғы оқу жылында  270 студент оқуға жіберілді. Байқап отырғандарыңыздай айырмашылық өте үлкен. Шетелдік оқу орындарына студенттерді жіберу жұмысы баяуламайды, бұдан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге ұмтылатын боламыз. Сонымен қатар, шетелден келіп біздің университетімізде білім алып жатқан жастарға да сәт сапар тілеймін», -деді.

 Кездесу барысында Қытай Халық Республикасы Іле педагогикалық инстутының студенті Сезім Әлімғазықызы  сөз сөйлеп:  «Сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын.  Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосып, өнер-білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген профессор-оқытушылар қауымы мен университет басшылығына Қытай Халық Республикасы Іле педагогикалық инстутынан келген бір топ жастар атынан ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамын. Екі елдің татулығы мықты болып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алатын студенттердің саны арта берсін», — деген  тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, кездесуде Қытай Халық Республикасының Синцьзян қаржы-экономикалық университетінен келіп, университеттің «Орыс филологиясы» мамандығында бір жыл бойы оқып жатқан Чжан Юйсюань, Ян Жуй, Ли Цзюнь да білім берген профессор-оқытушылар құрамына ризашылықтарын білдірді.

Сонымен қатар, қырғызстандық студенттер де туысқан елде білім алуға берілген мүмкіншілікке қуаныштарын жасырмады.

Шара барысында ҚХР Іле педагогикалық институтының студенті Әлия Тұрсынқабылқызы Кенен Әзірбаевтың «Бұлбұлым» әнін шырқаса, Гүлдана Нұрсапа университет ректорына осында үйреніп, киізден жасаған қолөнер бұйымын тарту етті.