Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «ZHASPROJECT» жобасы кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік

«ZHASPROJECT» жобасы кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік

«Жас ПРОДЖЕКТ» жастар корпусын дамыту жобасы биыл елімізде екінші рет жүзеге асқалы отыр. Былтыр 5 өңірдің жастарына кәсіп ашуға мүмкіндік берген жоба ұйымдастырушылары биыл Қазақстанның 6 аймағын қамтымақ. Осы жылы қатарға біздің өңір де қосылды. Астанадан келген мамандар жобаны бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттеріне түсіндірді. Қоғамның әлсіз топтарын жұмысқа тартуға бағытталған жоба 14 пен 29 жас аралығындағы үміткерлерге 1 миллион теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік береді. Жобаға тек жұмыссыз жастар қатыса алады. Бастысы — идея керек. Оған қоса, кәсіп бастаушы өзін қолдайтын 3-5 адамнан тұратын топ құрады. Олардың да жас шамалары 14-29 жас аралығында болуы шарт. Серіктес ретінде туыс, достарын алуға болады. Әрі қарай Астанадан келген мамандар арнайы оқыту тренингтерін өткізеді. Жоспар құрып, кәсіпті ашу жақтарын үйретеді. Әлеуметтік жобаны облыстың кез келген аудан, ауылдарында жүзеге асыра алады. 1 миллион теңгеге жуық грант бизнес бастаушыға қайтарымсыз беріледі. Бірақ, әлеуметтік жоба грантын жеңіп алған жас жарты жыл халыққа тегін қызмет көрсетуі тиіс.»Жас ПРОДЖЕКТ» Білім және ғылым министрлігі мен халықаралық банктің бірлескен жобасы. Былтыр 2000-нан астам қазақстандық жобаларын ұсынып, 600-ге жуығына қолдау болған. Жастар жылыжай, тігін цехы, тіл курстары мен түрлі үйірмелер ашқан. Биыл Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай облыстары мен біздің өңірде жүзеге асырылады. 1000 жобаны қаржыландыру көзделген. Өтінімдер ертеңнен бастап «Жас ПРОДЖЕКТ» жастар корпусын дамыту жобасы сайтында қабылданады.

 

http://www.rikatv.kz/kz/news/zhasproject-zhobasy-k-s-p-bastau-a-lken-m-mk-nd-k.html