Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Зиялы қауым өкілдерімен кездесу

Зиялы қауым өкілдерімен кездесу

Бүгін университеттің филология факультетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттері зиялы қауым өкілдерімен тағылымы терең, мағынасы зор кездесу өткізді.

Шараға Ақтөбе облысына республикалық «Кітапханалық туризм» жобасы негізінде арнайы іссапармен келген белгілі әдебиеттанушы ғалым, жазушы  Тұрсын Жұртбай, ақын, драматург Маржан Ершу, жазушы, баспагер  Райхан Мәженқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының мамандары және ақтөбелік ақындар Ертай Ашықбаев, Гүлжайнар Қалдина қастысты.

«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығында басталған басқосуда факультет деканы, профессор Күлзат Садирова Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді  жүзеге асыру мақсатында  жасалып жатқан іс-шаралармен таныстырып өтті. Қазақ әдебиеті кафедарысын меңгерушісі Мира Балтымова  орталықтың жұмысымен таныстырып өтті. Қонақтар оқу кабинеттерін аралап, Оқырмандар алаңымен танысты.

Одан әрі басқосу «Нұрпейіс Байғанин атындағы дәрісханада» жалғасты. Кезегімен сөз алған қонақтар Райхан Мәженқызы, Тұрсын Жұртбай, Маржан Ершу кітап оқу, кітапты қадірлеу, поэзияның құдіреті жөнінде кеңінен сөз қозғады.  Әуезовтанушы, абайтанушы, ұлтын сүйетін ұлтшыл азамат, 30-дан аса кітаптар мен ғылыми монографиялардың, 700-ден аса ғылыми мақалалар мен басылымдардың авторы Тұрсын Жұртбайдың әсерлі әңгімесі тыңдармандарды сүйсінтті.

Кездесу барысында қонақтар өздеріне қойылған  сұрақтарға жауап беріп, жас ұрпаққа тілек, өсиет сөздерін айтты. Баспагер Райхан Мәженқызы мен Астанадан арнайы келген кітапханашылар естелікке ең қымбат сый – баспадан жаңа шыққан бірнеше кітаптарды сыйға тартты.