Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Атырауда халықаралық техникалық олимпиада ағылшын тілінде өтті

Атырауда халықаралық техникалық олимпиада ағылшын тілінде өтті

Атырауда студенттер арасында өткен халықаралық техникалық олимпиада өз мәресіне жетті. Білім мен біліктілікті саралауға арналған додаға Қазақстан мен Ресейдің 8 жоғары оқу орнынан 40 студент қатысты. Үздік ғылыми жобалардың өндірісте жүзеге асырылуына аймақта жұмыс істеп жатқан әлемдік деңгейдегі компаниялар қолдау жасайтын болады. Биыл екінші рет ұйымдастырылған олимпиада халықаралық байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және студент жастардың білімін жетілдіруге бағытталған. Бүкіл сынақтарға өңірдегі шетелдік компаниялардың инженелері мен ресми өкілдері төрешілік жасады.  Ермек Күзенбаев, жоғары техникалық колледж директоры: — Бұл олимпиаданың негізгі ерекшелігі, ағылшын тілінде өтіп жатыр. Бұл дегеніміз бүкіл студенттер, барлық қатысушылар тек ағылшын емес, техникалық ағылшын тілін меңгереді. Бұл өз кезегінде барлық қатысушыларға және студенттерге оқуды бітіргеннен кейін әлемнің кез келген компаниясында жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Мұнайшы инженерлер қауымдастығы ұйымдастырған олимпиада бағдарламасына зертханалық жұмыстар, ақыл-ойды дамытуға арналған түрлі ойындар енгізіліген. Сонымен қатар студент-жастар өзара пікір алмасып, мұнай-газ өндірісіне арналған жеке ғылыми жобаларын қорғады. Эдуард Жантекенов, Қ.Жұбанов ат. Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университетінің студенті: — Былтыр үшінші орын алып қалғаннан кейін мен екінші рет келемін деп өзіме серт бердім. Осы жылы мен бірінші дәрежелі орын алдым және өзім өте қуаныштымын. Күшті сезімде отырмын. Өз ғылыми жобаларын сәтті қорғап, біліктіліктерін дәлелдеген студенттер елдеріне қуанышпен оралмақ. Ал командалық есеп бойынша бірінші орынды – Атырау, екінші орынды – Мәскеу және үшінші орынды алматылық студенттер тобы жеңіп алды.

 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов

http://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/item/235552-atyrauda-khaly-araly-tekhnikaly-olimpiada-a-ylshyn-tilinde-tti