Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Университет ректоры есеп берді

Университет ректоры есеп берді

Сенбі күні Студенттер сарайында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков 2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ студенттер қатысты.

Жиында Бауыржан Ердембеков университетте биылғы оқу жылында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті.

Оның айтуынша, оқу орнында білім алушылардың саны өткен жылы 10 664-ке жеткен. Келер жылы университетке қабылданатын студенттердің санын 13 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ өткен жылы университеттегі 12 мамандықта магистратура бөлімі ашылған. Биыл барлық мамандықтар мемлекеттік аккредитациядан өтіп, бакалавриат мамандықтары бойынша 19 жаңа типтік оқу бағдарламасына өтінім берілген.

  • 2017 жылдың қорытындысы бойынша біздің университет институциалды рейтингте 12-орында тұр. Алдағы уақытта біз осы рейтингтің ТОП-10-дығына енуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта биылғы жылы бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтсақ, «Зерек» балаларды дамыту орталығы, «Мәңгілік ел» конференц-залы, кинотеатр мен көрме залы, сондай-ақ медиа орталық, жылыжай, футбол алаңы, «Алаш арыстары» аллеясы салынады, — деді Б.Ердембеков.

Жиында сондай-ақ университет ректоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл маусым айында студенттер мен облыстағы мектеп ұстаздарына біріккен тарихи-археологиялық тәжірибе ұйымдастырылатынын, ал қыркүйек айында Стамбұл университетімен бірлесіп екі ғылыми жоба жасалатынын жеткізді.

Есеп беру баяндамасынан кейін Бауыржан Ердембеков студенттердің оқу процесі, жатақханадан орын алу, асхана және емхана қызметі, ғылыми жобаларды қорғау, т.б мәселелерге қатысты қойған сауалдарына жауап берді.

Бұдан кейін жиында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, жас мамандарды даярлауда қарқынды жұмыс жасап жатқан университеттің бір жылда жеткен жетістіктері зор екенін жеткізді.

— Елбасы айтқандай, адами капитал — аса көңіл аударатын мәселе. Бұл оқу орнында тек білікті маман даярлау ғана емес, жақсы адам қалыптастыру —  ұстаздардың міндеті. Сондықтан осы мақсатта үздіксіз еңбек етіп жүрген университет басшылығы мен ұстаздарға ризашылығымды білдіріп, табыстар тілеймін.

Міне, есеп беру кездесуінде білгеніміздей, бір жыл ішінде оқу орнында біраз дүниелер жасалып, көп жұмыстар атқарылған. Алға қойған міндеттердің ауқымы да зор.

Бүгінгі күні бізге қойылып отырған басты талап — қазіргі заманға сай, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Сондықтан осы үлкен ұжым жас ұрпақты бәсекеге қабілетті, жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін ізденіспен, қарқынды жұмыс жасауы керек, — деді ол.

Есеп беру кездесуінің соңында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, «Мектепке дейінгі және арнаулы білім» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Төребаева, Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Гүлжан Шоқым, т.б. өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныс-тілектерін айтты.

 

Данагүл ҚАЗИХАН

http://www.aktobegazeti.kz/?p=65777