Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттің театрдағы күндері өтуде

Университеттің театрдағы күндері өтуде

Театр шынайы өмір көріністерін сахналайтын, сол арқылы адамзатқа ой салатын, тәрбиелейтін қасиетті орын. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде театрдың алатын орны бөлек. Осыған орай Жұбанов университеті жастар тәрбиесінде театр өнерін бір бағыт етіп ұстанады.

 Еліміздегі ірі өнер шаңырағы — М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының Ақтөбеге 5 күндік гастрольмен келуі университет ұжымы үшін тамаша жаңалық. Театрдың алғашқы екі күнгі қойылымдарын Жұбанов университетінің театрсүйер профессор-оқытушылары мен студенттері тамашалауда. Кеше ректор Бауыржан Ердембеков бастап барған университет ұжымы И.Вовнянконың (аударған: О.Қыйқымов)  «Актерді өлтірген кім?» криминалдық драмасын көріп қайтты. Спектакль алдында көрерменнің қоюшы-режиссер –КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтар лауреатыАсанәлі Әшімовпен жүздесіп, тілдесудің сәті түсті. «Актер көрермені көп болғанда өседі, талғамы түрлі адамдар алдында ысылады, шеберлік жинайды. Театрдың аймақтарға өнер сапарларына шығатыны сондықтан. Мен Ақтөбеге осымен бір жыл ішінде екінші рет аяқ басып тұрмын. Әр сапарымда қаладағы инфроқұрылымдық өзгерістерді байқаймын. Өте әдемі қала, тұрғындардың жүзі жылы, өнерді қастерлейтін, көкірегі ояу жандар екені бірден білінеді,-деді А.Әшімов. «Актер өнерімен халыққа ұнаған кезде бақытты. Оның өмірі екі дара бөлінеді: физикалық және сахналық өмір болып. Актердің сахналық өмірі физикалық өмірін ұзартуға септі. Бір қызығы, бала кезімде маған актерлар ұнамайтын. Сөйтсем, мен кәсіби білігі төмен актерларды көріп, ой түйген екенмін. Шынымды айтсам, актерлікке күпті көңілмен келгенмін, ал кәсіби мансабымның аяғында жаным ауырғанын жасыра алмаймын»,-деді қазақстандық белгілі актер, халық сүйіктісі Асанәлі Әшімов сырымен бөлісіп.

«Актерді өлтірген кім?» криминалдық драмасы кісі өліміне айыпты деп жала жабылған Әсел есімді жас қыздың тағдырына арналған. Психологиялық шым-шытырықты спектакльден көрермен алған әсер мол. Экономика және құқық факультетінің деканы орынбасары Сәндігүл Кельбетоваға спектакльдің тәрбиелік мәні өте ұнаған. «Қойылымда қазіргі заман жастарының басындағы ситуациялар суреттелген, оқиға өрісі толғаныс тудырады. Күлдіретін тұстары да бар. Нақты адам өміріне құрылғасын ондай сәттер нанымды. Актерлар рольдерін керемет сомдап шықты»,-деп әсерімен бөлісті ол.

Бүгін Жұбанов университеті көрермені алдында театрдың шоқтығы биік туындыларының бірі «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы қойылады. Бұл спектакль қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың тағдырына арналған.  Спектакльдер Т.Ахтанов театрында өтуде.