Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Консулдық өкілдерімен кездесуде түрік-қазақ ЖОО арасындағы ынтымақтастық сөз болды

Консулдық өкілдерімен кездесуде түрік-қазақ ЖОО арасындағы ынтымақтастық сөз болды

Түркиялық серіктес жоғары оқу орны Стамбул университетінің Технокентінде Қазақстанның Республикасының Стамбулдағы Консулдығы өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасының Стамбулдағы Бас Консулы Еркебұлан Сәпиев пен Консулдық өкілі Сержан Сәрсенбаев қатысты.

Стамбул университетінің ғалымдары филология ғылымдарының докторы, профессор Исмет Бинер және PhD доктор, компьютерлік инженерия факультетінің профессор Атакан Курт Жұбанов университетінің «Қазіргі түркі тілдерінің тілдік үдерісін зерттеу» зертханасымен бірлескен жобалардың таныстырылымын көрсетті.

Аталмыш жобалар латын әліпбиіне көшудегі қарымды қадамдардың бастамасы ретінде қазақ тілін кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне ауыстыруды мейлінше оңтайлы, жүйелі жүзеге асыру және веб-сайтқа негізделген сөздік жобасы, тілашар жобасы, веб-сайтқа негізделген қазақша-түрікше компьютерлік аударма жүйесі, қазақ тіліндегі сөздердің семантикалық топтары жобасы (Kazakh Wordnet Projest) және қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс жазылуын автоматты түрде түзету (Kazakh Spell cheking and Correction), қазақша сөздерді грамматикалық тексеру (Kazakh Syntax cheker) сияқты бірқатар қазақ тіліне арналған компьютерлік-лингвистикалық зерттеулерге негізделген.

Кездесу соңында Бас Консул Еркебұлан Сәпиев таныстырылған халықаралық инновациялық жобалардың маңыздылығына ерекше мән беріп,  Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық байланыстың жылдан жылға нығайып келе жатқандығын атап өтті. Осы шараның ұйытқысы болып отырған Жұбанов университетінің басшылығына айрықша алғысын білдірді. Сонымен қатар, жобаға қатысушы қазақстандық-түркиялық ғалымдарды аталған мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау мақсатында Стамбулдағы Қазақстан Республикасының Бас Консулдығына арнайы шақырды.