Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті Жеңіс күні құрметіне арналған салтанатты шараларға қатысты

Жұбанов университеті Жеңіс күні құрметіне арналған салтанатты шараларға қатысты

Бүгін Ақтөбе қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына орай салтанатты шаралар өтті. Ең алдымен Есет батыр көшесіндегі «Мәңгілік алау» мемориалды кешенінде облыс, қала басшылығы, соғыс және тыл ардагерлері, жалпы жұртшылық қатысқан мерекелік митинг өтіп, гүл шоқтарын қою рәсімі жасалды. Одан соң  шара қазақтың даңқты қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды кешенінде жалғасты. Ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан кешендегі мерекелік шараны Жұбанов университеті ұйымдастырды. Батыр қыз Әлияның рухына тағзым ету үшін кешен алдындағы алаңға облыс басшысы Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихатының хатшысы Сания Қалдығұлова, Ақтөбе қалалық әкімдігі өкілдері, қалалық мәслихатының хатшысы Слупан Шынтасова, жоғары оқу орындары ректорлары, депутаттар, ардагерлер, қалалық мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары келді. Алдымен бір минут үнсіздік жасалып, гүл шоқтарын қою рәсімі басталды. Жұбанов университетінің құрмет гүлін университет ректоры Бауыржан Ердембеков пен профессор Халел Кусаинов алып жүрді. Университеттің өнерпаздары соғыс жылдарындағы әндерден концерт қойды. Әрі қарай ерлікке тағзым етуші топ Батырлар аллеясын аралады.

«Мәңгілік полк» акциясы басталар алдында  жиналған ақтөбеліктерді Бердібек Сапарбаев құттықтап, «Бүгінгі бейбіт күн үшін соғыс құрбандарына мәңгілік қарыздармыз. Соғыс және тыл ардагерлеріне деген құрмет пен назар ешқашан тоқтамайды. Жалғаса береді. Бұл күннің аса маңыздылығын жастардың санасына құйып отыру керек»,- деп атап көрсетті.

«Мәңгілік полк» шеруіне Жұбанов университетінің «INVO» еріктілер бірлестігі белсенділері  және түрлі мамандықта оқитын студенттер тобы да қатысты. Олар қолдарына майдангер аталарының портреттерін алып шықты. «Мәңгілік полк» шеруі облыс әкімдігінен басталып, «Қазақ халқына мың тағзым» стелласының жанына дейін жалғасты. Жолшыбай әр аялдамада соғыс көріністерін бейнелейтін сахналанған көріністер көрсетілді. Мереке қазір концертпен жалғасып жатыр.

Ақтөбеліктер Жеңіс күні мерекесін кешке дейін тойлайтын болады.

«Мәңгілік от» даңқ обелиск жанында «Шырақ жақ» акциясы өтеді, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық паркте «Ұлы Отан соғысы әуендерінен» концерт қойылады. Салтанатты күн мерекелік отшашумен аяқталады.