Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбедегі университеттің мыңыншы талапкеріне сертификат табысталды

Ақтөбедегі университеттің мыңыншы талапкеріне сертификат табысталды

Ақылы бөлімге құжат тапсырған мыңыншы талапкер оқу ақысына 15%-дық жеңілдік алды.

Бүгін, 28 шілде күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде акция ұйымдастырылды. Университет тарихында алғаш рет ақылы бөлімге мыңыншы болып құжат тапсырған талапкерге сыйлық берілді. Ақтөбелік Ислам Рысмағамбетов оқу ақысына 15 % жеңілдік алды.

«Екі күннің ішінде барлық құжатты тапсырып болдым. Үйге келсем, інім маған «университеттен телефон шалды» деп айтты. Себебі жолда телефоным сөніп қалды. Мен университетке қайта қоңырау шалдым. «Сіз мыңыншы талапкер атандыңыз және сізге сыйлығымыз бар» деп хабарлады. Мен қуанып кеттім. Бір тосын сый болды», — деді Ислам Рысмағамбетов.

Университеттің жеңілдік бергеніне Исламның әкесі де қуанып отыр.

«Мен әскери қызметкермін. Сондықтан балама берілген жеңілдік отбасылық бюджетімізге айтарлықтай көмегін тигізеді», — дейді Ермек Жақанов.

Айта кетейік, Ислам Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығына түспек. Оның бір жылдық оқу ақысы 347 мың теңгені құрайды.

Қамбар Мұқаш, Aktobenews.kz