Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбанов университетінде Досжан хазірет атындағы оқу кабинеті ашылды

Жұбанов университетінде Досжан хазірет атындағы оқу кабинеті ашылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың төл исламтану мектебін қайта жаңғыртуға жол ашады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», — деген сөздерін алға тарта отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб-муфти Алау Әділбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қазақтың төл исламтану мектебін қайта жаңғыртуға зор септігі тиетінін атап өтті.

Бұл жөнінде Ақтөбедегі Студенттер сарайында өткен «Қоғамдық сананы жаңғырту және дәстүрлі рухани білім мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

Конференция облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің және Ақтөбе медресе-колледжінің ашылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков ұйымдастырушылар атынан сөйлеген сөзінде биылғы оқу жылынан бастап университет қабырғасында «тарих және дінтану» мамандығы бойынша мамандар даярлау қолға алынғанын айтты. Сондай-ақ ол:

— Бүгін университетімізде, Досжан хазірет мұрасын насихаттау мақсатында, оның атындағы оқу кабинеті ашылады. Тарихшылар мен теологтар оқитын тарих факультетінің ғимаратына болашақта Досжан хазірет атын беру мәселесін ғылыми кеңеске ұсыныс етіп жолдадық, — деді.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының жетекшісіАйдар Әбуов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі Тышхан Кеңшілік, Ақтөбе медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәліп Дәуренбеков, т.б. сөз сөйлеп, баяндама оқыды.

— Мемлекет зайырлылық негізін нығайтуға мүдделі, алайда зайырлылық діннен бас тарту дегенді білдірмейді. Бүгінде елімізде 2,5 мыңнан астам мешіт бар. Қазіргі күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасы бойынша 12 нормативтік заңнамалық актіге 53 өзгеріс пен толықтыру енгізу көзделген. Бұл өзгерістер мен толықтырулар дінге шектеу қоюға емес, дінді деструктивті мақсаттарға пайдалану мүмкіндіктерін болдырмауға бағытталған, — деді Айдар Әбуов.

Ол өзі басқарып отырған орталық сарапшылары өткен жылы 2299 сайттың материалдарын тексеруден өткізіп, соның 700-ден астамының заңға қайшы ақпараттар тарататынын анықтағанын айта келіп, ақпарат көздеріне, әсіресе, жастар өмірінің ажырамас бөлігіне айналған  ғаламторға барынша сақтықпен қарау керектігін тағы бір еске салды.

Ал Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекшісі Амангелді Айталы:

— «Ислам әлемі» деген термин бұрын болмаған еді, ол қолданысқа соңғы кезде енді. Әлем халқының 1,5 миллиарды — мұсылмандар. Ислам ынтымақтастық ұйымына 57 мемлекет мүше болып отыр. Солардың 10-ы ғана  — озық елдердің қатарында. Бірақ ислам елдерінің адамзат көшінен кенжелеп қалуына ислам діні емес, саясат кінәлі. Мысалы, орта ғасырларда қазіргі Испания мен Португалия аумағында өмір сүрген Кордова халифаты өз заманының озық мемлекеттердің бірі болған. Ислам елдерінің бір бөлігі — бұрынғы отар елдер. Отарлаушы елдер әлі де оларды өз идеологиясының ықпалында ұстауға тырысып келеді, — деді.

Пленарлық мәжілістен кейін, осы конференция аясында, тарих факультеті ғимаратында Досжан хазірет атындағы оқу кабинетінің ашылу рәсімі өтті. Конференция жұмысы түстен кейін секциялық отырыстармен жалғасты.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=66076