Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде виртуалды мұражайы ашылатын болады

Жұбанов университетінде виртуалды мұражайы ашылатын болады

Бүгін Жұбанов университетінде  Халықыралық мұражай күні аталып өтті. Университет проректоры Р.Бекназаров университет мұражайының қызметкерлерін құттықтап, мұражай меңгерушісі Г. Жаркиловаға Ақтөбе облыстық өлкетану мұражайының атынан дәстүрлі «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясына қатысқаны үшін және мұражай қорын толықтыруға ат салысқаны үшін Алғыс хат табыстады.

Мұражай күні университетте әртүрлі тақырыптық шаралар ұйымдастырылды. Студенттерге арналған экскурсия барысыныда, олар мұражай экспонаттарымен, белгілі педагогтардың жеке заттарымен, Құдайберген Жұбановтың өмір жолымен танысты. Мұражайда 1900 экспонат бар, олардың саны 1989 жылдан бері толықтырылып келеді және дәл сол жылы бұл мұражай профессор М.Арыновтың бастамасымен ашылған болатын.

Бүгінгі таңда мұражай заманауи технологияларға сай жан-жақты даму үстінде. Бұның дәлелі – университет ректоры Б.Ердембековтің виртуалды мұражайын құру бастамасы.

Сондай-ақ студенттер арасында университет тарихына қатысты «Smart quiz» интеллектуальды ойыны ұйымдастырылды. Кәсіби-шығармашылық факультетінің 3-курс студенті Нұржігіт Олжаевқа Қ.Жұбановтың өмірбаянын жетік меңгергені үшін атақты ғалымның суреті бейнеленген кілемше табысталды, ал ойынға қатысып белсенділік танытқан білгіштерге естелік кітаптар сыйға тартылды.

Мұражай күнінің екінші жартысында әйгілі тұлғалар Қ.Жұбанов, М.Арынов, Ғ.Нұрышев және Ү.Байжомартовтарға арналған бейне фильмдер көрсетілді. Сонымен қатар бүгін сағат 18.00-ден 22.00-ге дейін Өнер мұражайында аймақтық «Мұражай түні» атты көрме өтеді.