Среда, Апрель 17, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Жұбанов көктемі-2018» Республикалық жастар форумының қатысушылары Ақтөбе өңірімен танысты

«Жұбанов көктемі-2018» Республикалық жастар форумының қатысушылары Ақтөбе өңірімен танысты

Бүгін Ақтөбе облысының мәдени брендіне айналған дәстүрлі «Жұбанов көктемі — 2018» Республикалық жастар форумына Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жастар Ақтөбе өңірімен танысты. Биылғы «Жұбанов көктемі-2018» Республикалық жастар форумы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астананың 20 жылдығына арналады.

Ертең басталатын форумға Қазақстанның барлық облыстарынан 100-ге жуық делегат келді. Қонақтарды қарсы алған форум ұйымдастырушылары — Жұбанов университеті жастарға алдымен Ақтөбе облыстық планетарийін көрсетті.  Жастар планетарийдегі заманауи құрал-жабдықтардың мүмкіншіліктерімен жұлдызды аспанды тамашалады. Ғарыш əлемінің сырларына қанықты.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Журналистика» мамандығының 2-курс студенті Азамат Махамбетов: «Ақтөбе қаласында бірнеше рет болдым. Алайда мұндай форумға тұңғыш қатысып отырмын. Ақтөбе облыстық планетарийіне сапарымыз ұнады. Планетарийге кірген сәтте басқа әлемде жүргендей болдым»,- деп, ойымен бөлісті.

Одан кейін экскурсия Бестамақ елді мекеніндегі Есет батырдың (Есет Көкіұлы, Тама Есет) кесенесінде жалғасты. Жастар батырдың рухына тағзым етіп, батыр баба туралы тарихи деректер алып, үлкен әсер алды. Жастарға кесене басында Діни рәсімдер атқарушы Сәкен Мирманов Есет батырдың өмірі мен мемориалдық кешен туралы толық əңгімелеп, мұражаймен таныстырды.

Экскурсия барысында ҚР ІІММ.Есболатов атындағы Алматы академиясының 1-курс студенті Аида Пернебек: «Ақтөбеге сапар барысында Рамазан айында Есет батырдың кесенесіне жол түсіп отыр. Бұл біз үшін тәрбиелік мәні бар шара.  Есет Батырдың ескерткіші өте ұнады, көркем салынған. Бұл жастарды патриоттыққа, бірлікке тәрбиелеуге өзінің үлесін қосатын тарихи-мәдени орын деп айтуға болады», — деді.

«Жұбанов көктемі-2018» жастар форумы ертең Студенттер сарайында салтанатты түрде ашылады.