Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылым мен білімнің қара шаңырағы – бас ғимарат

Ғылым мен білімнің қара шаңырағы – бас ғимарат

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Батыс Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Облыстың ірі білім беру, ғылыми және мәдени орталығы ретінде университеттің қалыптасуының өз тарихы бар.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті — 1966 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 15 сәуірдегі № 261 қаулысымен құрылған Ақтөбе педагогикалық институтының құқық қабылдаушысы болып табылады.

Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 23 ақпандағы № 72 қаулысымен Ақтөбе педагогикалық институтына қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, лингвист-ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың есімі берілді. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1996 жылғы 7 мамырдағы № 573 қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті болып қайта құрылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 163 қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне мемлекеттік мәртебе берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 ақпандағы №128 қаулысы бойынша құрамынан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының бөлініп шығуына байланысты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті қайта құрылды.

Аталған жоғары оқу орны 2015 жылы екінші рет Ақтөбе облысы  «Үздік оқу орны» номинациясы бойынша «Қоғамдық тану» дипломын алды.

Бүгінгі тақырыбымыз Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бас ғимараты жайында болмақ. Университеттің бас ғимараты Әлия Молдағұлова даңғылы мен Ағайынды Жұбановтар көшелерінің қиылысында орналасқан.

Әлия Молдағұлова  — Кеңес Одағының Батыры, ол — Ақтөбе облысы, Хобда ауданы, Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында 1925 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. Әлия туған топырақ – талай батырлар түлеген киелі топырақ. Ол жер Қара Қыпшақ Қобыланды мен атақты Абат батырдың ізі қалған, берідегі Кеңес Одағының 9 бірдей батыры шыққан қасиетті мекен. Сол топыраққа тартып туған батыр қыз Әлияның есімі бүгінде талай жерді шарлап жүр.

Ал, Құдайберген Жұбанов —  тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры,  түркітанушы, педагог. Ол — 1899 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келген. Қ.Жұбанов ағартушы, мәдениет және қоғам қайраткері, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі атанып, ғылым кенін еңсерді, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры.

Қазіргі кезде университеттің бас ғимаратында ректорат әкімшілігі, Жаратылыстану факультеті мен Педагогика факультеті орналасқан.

Сондай-ақ,  Университеттің материалдық-техникалық базасында қазіргі заманғы талаптарға сай  ғылыми зертханалар, Студенттер сарайы,  оқу және өндірістік  бөлмелері, спорт орталығы, спорттық нысандар, бассейн, кітапханасы бар.  

Алдағы уақытта университеттің 2 студенттік жатақханасы, студенттік емханасы және 6 оқу ғимараты туралы толық жазатын боламыз, біздің сайтты қарай жүріңіздер!