Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет жастары жаз айында еңбек етеді

Университет жастары жаз айында еңбек етеді

Биыл облыстағы «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтары жұмыстарын маусым айында бастаған болатын. Қазіргі кезде бұл жоба облысымызда үлкен қолдауға ие. Сондай-ақ, жоба арқылы  қаланың көркейіп, құрылыс нысандарының қарқын алуына университет студенттері де үлкен үлес қосуда.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жастары жазғы демалыс уақытында «Атамекен» студенттік құрылыс жасағында жұмыс жасап келеді. Студент жастар жаз айларының әрбір аусымына құрылыс нысандарына шақырылып, жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр.

2017 жылдың жазғы демалысында университеттің 297 студенті құрылыс жасағында жұмыс жасауға өтініш білдірген болатын. Ал, мамыр айынан бері Ақтөбе облысы бойынша «Атамекен» құрылыс жасақтары 500-ге тарта студенттерді жұмыспен қамтамасыз етсе, соның ішінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 140 студенті де тынбай еңбек етуде.

Жұмыс барысында университет құрылыс жасағының комиссары, Жаратылыстану факультетінің 2 курс студенті Арман Қибатов «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе облыстық филиалынының тілшілеріне сұхбат берді, ол: «… Жұмыстың оңайы болмайды, оңай жолмен табылған қаражат ұзамай арты жақсы емес нәтижеге әкеледі. Бұл шара барысында біздің  студент жастарымыз тынбай еңбек етуде. Алдағы уақытта үздік еңбектенген студенттерді марапаттау шаралары болатынын да айта кеткім келеді. Сондықтан замандастарыма сәттілік тілеймін!»,- деді.

Қазіргі уақытта жұмыс барысында студенттер аумақ тазалығы, кірпіш, қиыршық тастарды үйлестіріп жинау сияқты ірілі-ұсақты жұмыстарды белсенді түрде атқарып жүр. Атамекен басшылығы тарапынан жасақшылар арнайы киімдермен толық қамтамасыз етілген.

Жаз айы – нағыз қызу шаруашылықтың мезгілі. Қалада да, ауылда да атқарылар іс көп. Ендеше, іске сәт, студент жастар!