Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жұбанов университеті чемпион қызын қарсы алды

Жұбанов университеті чемпион қызын қарсы алды

Жуырда Жұбанов университетінің «Дене шынықтыру жəне спорт» мамандығының 1-курс студенті Таисия Дьяченко Финляндияның Вантаа қаласында өткен əлем чемпионатында пауэрлифтингтен әлемдік рекорд жаңартып, абсолюттік чемпион және әлемдік рекордшы атанған болатын.

Бүгін университеттің Бас ғимаратында Ақтөбе облыстық әкімшілік қызметкерлері мен университет ұжымы Таисия Дьяченконы зор қошеметпен қарсы алды.

Аталмыш шарада сөз сөйлеген университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков: «Бүгін біздің университетте жеңіс күні. Бұл бүкіл  Қазақстанның жеңісі. Біздің Таисия қызымыз «Әлемдегі ең мықты қыз» болғаны біз үшін үлкен мақтаныш», — деп, Таисияның жетістіктеріне тоқталып, оның ата-анасына алғысын жеткізді.

Сөз соңында Бауыржан Аманкелдіұлы чемпион қызға 2018-2019 оқу жылына арналған Қ.Жұбанов атындағы білім грантын табыстады.

Cондай-ақ, жиында сөз алған Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Дархан Тәжіғұлов сөз сөйлеп, Таисия Дьяченконы жеңісімен құттықтады.  Одан соң «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік  патриоттық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев сөз сөйлеп, университет ректоры Бауыржан Ердембековке «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады.

Өз кезегінде Қ.Жұбанов атындағы білім грантының  иегері атанған Таисия Дьяченко спорт саласына қызығушылығы қалай басталғанын жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сөз соңында Таисия ерекше құрметпен қарсы алған жанкүйерлеріне, үлкен ілтипат пен қошемет көрсеткен барша қауымға шексіз алғысын білдірді.

Шара соңында жиналған жұртшылық олимпиада жеңімпазымен  естелік суретке түсті.