Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттер Түркиядан білімдерін шыңдап келді

Студенттер Түркиядан білімдерін шыңдап келді

Бүгін Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков  халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркия Республикасының Сакария университетінде семестрлік білім алып келген 14 студентпен және «Мәулана» бағдарламасы бойынша Түркия Республикасына оқуға жіберіліп отырған студенттермен кездесті.

Шараға университеттің халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Гүлжан Шоқым, түрік тілін оқыту орталығының оқытушылары Рокхман Өксуз, Гокхан Гюль қатысты.

«Біздің университетіміздің халықаралық ынтымақтастық орталығы нәтижелі жұмыс жасап жатыр. Сіздер түрік жерінде білімдеріңізді жан-жақты жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті халықтың мәдениетімен жіті танысу мүмкіндігіне ие болдыңыздар. Енді сіздердің міндеттеріңіз сол жинаған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді университет пен туған жерлеріңіздің, Отаныңыздың игілігіне пайдалану», — деді Бауыржан Аманкелдіұлы.

Студенттер өз кезегінде Түркия сапарынан алған әсерлерімен бөлісіп, ондағы оқу процесінің ерекшеліктерін әңгімеледі. Университет басшылығына деген ризашылығын түрік тілінде жеткізгендері де болды.

Оқуларын аяқтап келген студенттер өздерінің «Мәулана» бағдарламасы бойынша оқуға дайындалып жатқан құрдастарына ақыл-кеңестерін айтып, сәт сапар тіледі.