Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Білім > Кәсіпкерлік білім қалай беріледі?

Кәсіпкерлік білім қалай беріледі?

Брифинг

Таяуда Алматы қаласында сондағы менеджмент университетінің, «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингінің ұйымдастыруымен «Қарқынды даму үстіндегі қоғамдағы кәсіпкерлік білім: құндылықтарды трансформациялау» деген тақырыпта ІІ халықаралық форум өтті.

Бұл жиынға облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова, Ақтөбе политехникалық колледжінің директоры Қасымбек Алдияров, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Досым Оспанов, кәсіпкерлер Алтынай Мұқанова, Айгүл Сейітжапарова, тағы да басқа өкілдер қатысты.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде осы шара қорытындысына байланысты брифинг өткізілді.

— Бұл форумның мақсаты — әлемдегі үздік кәсіпкерлік тәжірибемен танысу, қарқынды даму үстіндегі қоғамның кәсіпкерлік саласындағы бағдарламаларының ерекшелігін ұғыну болды. Жиынға әлемнің 12 елінен 400 адам қатысты. 85 спикер — бизнес-мектеп пен университеттер басшылары, әріптес компаниялар мен халықаралық баспалардың директорлары форум жұмысын жандандыра жүргізуге ықпал етті, — деді жиынды ашқан Анар Даржанова.

Кәсіпкерлік негіздерін дамытуда Ақтөбе политехникалық колледжінде де көп жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында колледж директоры Қасымбек Алдияров баяндап берді. «Бізде негізінен техникалық мамандар даярланады. Солардың барлығы да кәсіпкерліктің бастапқы мектебінен өтеді деп айтуға болады. Студенттер жаңа технологияларды игеру жолында ізденістерге барады, жаңалықтар табуға құштар. Оқытушы Ғалымжан Ізімовтің жетекшілігімен екі студентіміз шағын инкубатор жасақтап, ол республикалық конкурсқа ұсынылды», — деді ол.

Сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде де студенттердің кәсіпкерлікке бейімделуіне бастапқы алғышарттар кеңінен жасалған. Қазіргі уақытта мұнда түрлі конкурстар ұйымдастыру, университет базасында стартаптар ашу кәсіпкерлік білімнің бастау көзі ретінде қабылдануда.

Форумға қатысқан ақтөбеліктер өздерінің халықаралық жиыннан үлкен әсер алғандықтарын айтты. Әсіресе, олар жастарды кәсіпкерлікке баулу, бәсекелестік мәнін ұғыну, бизнестегі тәуекел тұрысынан пікір алмасулардың пайдалы болғанына тоқталды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=67010