Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Юмормен өрілген өмір

Юмормен өрілген өмір

Құрмет

Қазалының қазағы

Өмірі бітпейтін жұмыстың арасында уақыт тауып, алыс-жақын аймақта тұратын тілеулес аға-інілерге хабарласып қоятынымыз бар. Сондайда ойымызға түсетін ардақты ағаларымыздың бірі — белгілі әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев.  Біз бір топырақтанбыз. Елден шығып, әдебиеттануға бет бұрған алдымыздағы буынның өкілі. Қазақ сатирасының теоретигі Темірбек Қожаекеевтің шыңдап шығарған шәкірті. Арғы-бергі сатираның мәселелерін жілікше шағатын бүгінгі мамандардың бірі әрі бірегейі.

Телефон шалғанымда дауысымды онша тани қоймайды. Мұндайда оған өзіңді оған оңай танытатын бір-ақ тәсіл бар.

— Аға, осы Ақтөбеде юмор бар ма? — деймін.

Ол бірден күліп жібереді. Жай күліп қана қоймайды, бүкіл Ақтөбені басына көтеріп, рахаттанып тұрып күледі. Өйткені, юмор дегеніңіз — оның жаны, өмірінің мәні. Өмірді қандай сүйсе, юморды да сондай жақсы көреді. Баяғыда «Айқын» газетінің бас редакторы болып қызмет істеп жүргенімізде «Өмір бар жерде — юмор бар!» деген айдар ашқанбыз. Сол жылдарда тілімізге оралған тіркес Алпысбай ағамның өмір салтына айналған десе де болады. Сондықтан ол сенің сауалыңды ешқашан жауапсыз қалдырмайды.

— Бар ғой юмор Ақтөбеде, — дейді кеңкілдей күліп, — Бар, әрине. Бірақ Оралға қарағанда аздау. Жалпы, біздің елдегідей қайдан болсын! Жарықтық, Арал мен Қазалының юморына дейін бөлек қой…

Ел демекші, Қазалыда туғанымен бұл аймақта жас күнінде ғана қызмет істеу пешенесіне бұйырыпты. Орта мектепте оқытушы, мектеп директорының орынбасары, партия, комсомол қызметкері болған. Бірақ атамекенінде жүргенде өзі жоғары оқу орнын бітірген Орал аймағы оны ұдайы қол бұлғап шақырып тұрған сияқты. Әйтеуір көп ұзамай, «Оралыңның барында ойна да күл», — деп сол жаққа тартып отырған. «Есігін аш, ен де кет, тосырқамай, Қазалының кез келген қазағының», — деп Мұқағали айтқандай, адам баласын жатсынбайтын қарапайым қазалылықтың содан бергі тағдыры Батыс Қазақстан өңірімен тікелей байланысты. Сол аймақты өркендетуге барынша күш салды. «Орал өңірі» газетінде қызмет істеді. Бұдан кейін А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының оқытушысы ретінде ғылыми-педагогикалық еңбек жолын бастады. Ғибратты ғалым, әлеуетті әдебиеттанушы, көне мұраның білгірі Мәтжан Тілеужанов басқаратын қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында қанатын қатайтып, шеберлігін шыңдады. Содан соң ол кісінің Оралдағы ұзақ сапары ғылымдағы жетістіктерімен дәйектеліп жатты. Қазіргі қазақ прозасындағы сатиралық образдың көркемдік ерекшеліктерін зерттеп, кандидаттық, сатира мен юмор поэтикасын саралап, докторлық диссертациясын қорғады. Шалғайда жүріп, мұндай биіктердің бірінен соң бірін игеру әсте оңай емес-ті. Бірақ бұл біздің еңбек етуге ерінбейтін ағамыздың қолынан келді. Жалпы, қадірлі ұстаз Темірбек Қожакеевтің жетекшілігімен ғылыми еңбек қорғаған Сыр өңірінің перзенттері жеткілікті. Темкеңнің ұлағатты ұстаханасының қызу көрігінен өткен Тоқболат Еңсегенов, Роза Алтынбекова, Амантай Шәріп, Жолтай Әлмашевтар қазақ әдебиеттануында өзіндік орны бар зерделі зерттеушілерге айналды. Сол шоғырдың берекелі бастауында тұрған ғалымның бірі — Алпысбай Мұсаев.

Ағамыз елден ерте кетті де, біз көп араласа алмадық. Бірақ ғылыми еңбегіміз бір оқу орнында орындалған соң, ара-тұра көріп қалып жүретінбіз. Кейін жақынырақ таныстық. Адам жатырқамайды екен. Ақкөңіл. Бүкпесіз мінез. Күлгенде де шын күледі. Қулық-сұмдықпен шаруасы жоқ…

2002 жылдың наурыз айында Орал қаласында мектеп оқушыларының республикалық ғылыми сайысы өтті. Тіл және әдебиет пәні бойынша саралау комиссиясының мүшелері осы қалада бас қостық. Комиссияның төрағасы — ол кездегі жас ғылым докторы, терминолог ғалым, бүгінгі Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы. Комиссияның бір мүшесі — Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Алпысбай Мұсаев. Екіншісі — мен. Сөйтіп, ағамыз екеуміздің жолымыз ол кісіге ұзақ жыл мерейлі мекен болған құтты қалада тоғысты. Біріміз оң қанаттағы, екіншісі сол қанаттағы Шерубайдың «шертпелері» болып жүріп, үш-төрт күн бойы жас өрендердің ғылыми ізденістерін бағаладық. Өмірден ерте кеткен Отаралы Бүркіт ағамыздың шаңырағында болып, түнімен армансыз сырласқан сәттеріміз кеше ғана сияқты еді…

«Проректор» операциясы

Бір күні Алпысбай ағамен Ақтөбе мемлекеттік университетінде кездестім. Ол Оралдан, мен Алматыдан келдім. Ағамыз екеуміз де мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасымыз. Мен журналистика бөлімінің алғашқы түлектерінің тұсауын кеспекпін. Ол филологтардың білімін сарапқа салады. Екеумізге де университеттің қонақүй үлгісіндегі жатақханасынан орын берілді. Сол күндерде ағамызбен екі-үш апта бойы еркін әңгімелестім. Бұл жолы мен оны жаңа қырынан таныдым. Әңгімеміздің тақырыбы өте ауқымды еді. Туған жеріміз, бүгінгі әдебиеттің ахуалы, өз саламыздағы ғылыми мәселелер жөнінде дамылсыз сөйлесеміз. Көбіне көп сөйлейтін ол. Мен негізінен тыңдаушымын. Жалпы, үлкеннің сөзін бөлмеген дұрыс. Ол соны сезеді де, еркін көсіледі. Көсілсін, шешілсін, елден жырақта қыстығып жүрген шығар деп қоямын…

Университет оқытушылары бізге Ақтөбе аймағының тарихи орындарының бәрін аралатып көрсетті. Бұл қаланың танымал тұлғаларының дастарқанынан бірге дәм таттық. Арайлы Ақтөбенің ақжарқын адамдарымен ақтарыла сырластық. Соған көңілденді-ау деймін, бір күні Алпысбай ағам: «Ал енді бала, байқадың ба, мұнда да ептеп юмор бар екен!», — деді. Өз басым сонау студент кезімде сан рет шарлаған қалада юмор мәселесі онша тапшы емес екенін Бердібай курстасым мен Серік досымның, Абат бауырым мен Ертай ағамның әдемі әзіл әңгімелерінен жақсы білемін. Енді соны бүгін Алпысбай ағамның анық аңғарғанына қуанып отырмын. Содан бастап өмір мен юморды бірге бағалау екеуміздің сыр-сұхбатымыздың айнымас салтына айналды.

Сол сапарда… бір қызық болды. Алпысбай ағам мені оңашалап алып шығып (тұрған жерімізде екеумізден басқа ешкім жоқ болса да), бір әңгіме айтқан. «Інім, мына Оралда көп жүріп қалыппын. Енді елге қарай жылжу керек шығар. Мені осы жолы Ақтөбе мемлекеттік университетінің проректорлығына шақырып жатыр. Әзірше ойланып жүрмін. Сірә, келетін шығармын. Сен қалай қарайсың?». Мен не дейін?! «Ойбай, аға, жеңешем келіссе, ойланбаңыз. Арал мен Қазалы Ақтөбеңізге тиіп тұрған жоқ па? Енді бір секірсеңіз, «ақұдайлардың» ауылынан бір шығасыз», — деп қамшылап қоямын. Ағам рахаттанып тұрып бір күлді де, дереу езуін жинап алды.

— Әй, мәселе былай… Общым, сендер журналистер қауымы әбден ақпарат таратып жаман үйренгенсіңдер. Өзім деп айтып жатырмын, әй… Тісіңнен шығарма-ей! — деп нығарлап қойды Алпысбай ағам. «Ойбай аға, басым екеу емес қой» — деп, жұдырығы бес батпан алпамсадай ағамның алдында мүләйімсіп тұрмын. «Сонда қалай, екеумізден екі елі ажырамайтын Серік пен Абатқа да айтпаймыз ба?», — деп жорта қалжыңдап қоямын. «Жо-жоқ, атама!», — дейді ол. — Болмайды!».

Сонымен екеуміз де шамамыз келгенше үндемей жүрміз. Ертелі-кеш маңайымыздан ұзамайтын Серік те сезбейді, Абат та аңғармайды. Проректорлықтан басқа әңгіменің бәрін айтамыз. Тек Алпекеңнің Ақтөбеге ауысуы — аса құпия. Жатақханамызға күн сайын университет оқытушылары қаптап келіп тұрады. Олардың көзінше міз бақпаймыз. Серік Бермағамбетов, Абат Пангереев, Нұрдәулет Алдашев, Сабыржан Мұхтаров, тағы басқалар жұмыс бабымен үнемі жанымызда жүреді. Сыйластығы жарасқан ортаның ынта-ықыласы бізге де ұнайды.

Бірде кең бөлмеде әңгімелесіп отырғанымызда университеттің оқытушы қыздарының бірі Алпысбай ағаға тілек айтып отырып, «Кім біледі, бәлкім, сіз біздің болашақ бастығымыз шығарсыз…», — деп қойып қалғаны. Әлгі қыздың бетіне бажайлап қарап едім, қаннен-қаперсіз сияқты. Ойында ештеңе жоқ. Тек әншейін сөздің ретіне қарай айта салды-ау деймін. Бірақ бұл жайт менің Алпысбай ағама қатты әсер етті. Жүзі бірден нұрланып сала берді де, «Мә-ә, сен оны қайдан білесің?» — деді әлгі оқытушыға жұлып алғандай.

Абырой болғанда, ешкім ештеңе де аңғарған жоқ. Әңгіме арасындағы қыстырма сөз деп қарап, онша елемеген сияқты. Сөйтіп, ағамыз екеуміз аса құпия «проректор» операциясын абайсызда бүлдіріп ала жаздадық.

Ақыры, бәрі де сәтті болды ғой. Сол жылы күзде Оралды көрші қалаға айырбастаған Алпысбай Мұсаев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры болып тағайындалды. Осы қызметті екі жыл абыроймен атқарды. Бұдан кейінгі он үш жылдан бері университеттің Гуманитарлық зерттеулер институтын басқарып келеді.

Жарасқанның жанашыры

Алпысбай Мұсаевтың «Қазіргі қазақ сатирасы», «Поэтика казахской сатиры», «Жанды жүйе», «Рух бостандығының жыршысы», «Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы», «Көркемдік кестесі», «Көркем шығармадағы сатира», «Қазақ әдебиетінің оқу-әдістемелік кешені», «Қазақ прозасындағы жеке адам концепциясы», «Тарази тағылымы», «Қанатты қаламгер», «Әдебиет иірімдері», «Мәңгі өлмес күлкі» атты монографиялары мен оқу құралдары жұртшылықтың кәдесіне жарап, өз оқырманын тапты.

Кейінгі кездерде оның бірнеше ғылыми зерттеуі шет мемлекеттерде жарияланды. Әсіресе қазақтың аса дарынды ақыны Жарасқан Әбдірашев туралы ғылыми монографиясының Вена қаласынан жарық көруі руханият өміріндегі елеулі оқиға болды.

Сол Жарасқан ағамыздың біздің кейіпкеріміздің жыр жинағына жазған мынадай алғысөзі елең еткізеді: «Ақындық тағдыр… Мұны мен айтқан жоқпын. Бұл — өзіңмен-өзің арпаласып өтті деген сөз. Алпысбай не әкім, не ақын болуы керек еді, өзіңді-өзің екіге бөлу қандай қиын, өз басым Алпысбайдың ақын болуына бала кезден тілектестердің бірі едім». Қазақ поэзиясының хас шебері зор үміт күткен Алпысбай шайыр бүгінде ақындығынан гөрі ғалымдығының додасына көбірек түсіп жүргені ешкімге жасырын емес. Әйтсе де, оның өлеңдері қаламы қарымды, топшысы тегеурінді екенін анық аңғартады. Қаншама жылдан бері туып-өскен жерінен жырақта жүрсе де, арманына балаған Аралы мен Қазалысын жырлаудан жалыққан емес. Айдыны кең Арал туралы:

Аралыма құятын дариялар,

Толқынында талмайтын ария бар.

Айдыныңа ау құрып, балық алған,

Бар ма қазір көне көз қариялар?

 

Армысыңдар, көкорай шалғындарым,

Армысыңдар, балауса балғындарым.

Әттең, ерте білмеппін, уа, туған жер,

Осыншалық өзіңде нәрдің барын! –

деп толғаса, қазыналы Қазалының сағынышты кейпін көз алдына елестетіп былайша өлең өреді:

Шежіредей сырлары бар әр үйдің,

Көшелерде ізі қалған Ғанидың.

О, сүйікті өскен шаһар, өскен жер,

Келбетіңді көз жұмып-ақ танимын.

 

Әйбат емес, болсаң жағы шап-шағын,

Жапырақ жайып, жайқалады бақтарың.

Жақұт түндер… өз қойныңда бүр жарған,

Менің сонау қайталанбас жас шағым.

Бұдан соң өзі сыртта, көңілі елде жүрген, бәрібір туған жерге кіндігі байлаулы Алпысбай ақынды қалайша осал дей аламыз? Оның «Автопортрет» деген өмірбаяндық өлеңін өзі зерттеп-зерделеген Жарасқанның ізімен жазылды деуге болар. «Ерте ұғынған табиғат, дала сырын, Жиып өскен туған жер бар асылын. Ел-жұртына қадірлі ғұмыр кешкен, Мұса қарттың ең кіші баласымын» деген жолдар осындай ойға жетелейді. «Автопортреттің» екінші шумағы Қайнекей Жармағамбетовтің «Әлі есімде мектепке алғаш барғаным» деп басталатын әйгілі өлеңін еске түсіреді: «Ең алғаш тыңдағаным — бұлақ әні, Жанымның қалаулысы сұрағаны. Қыратында гүл терген, тайға мінгем, Бас білдіріп алғашқы сынағалы». Бұл — оның аға буынды да, өз тұстастарын да көбірек оқығанының белгісі.

Оның атын Алпысбай деп бекерден-бекер қоймаған. «Автопортретте» аты аталған әкесі Мұсаның Игібай деген ағасы болған. Алпекең өмірге келгенде сол кісі алпысқа толған екен. Игібай ағамыз біздің кейіпкерімізді қазақы жолмен бірер жыл бауырына да басыпты. Кейін қаламгер атанған шағында Алпысбай Мұсаұлының «А.Игібайұлы» деп қол қойып, талай мақала жазғаны бар.

Алпысбай ақынның поэзиясында оның туып-өскен топырағы жан-жақты көрініс тапқан. Қайда болса да, кіндік қаны тамған аяулы мекенге деген сағыныш оны жетелеп жүргенге ұқсайды. Ол үнемі елді, елде өткізген жас шағын аңсайды («Есіңде ме, сұлу Сырдың түндері, Айлы түнде арулардың күлгені…»), Жайықтың жағалауын жатсынбаса да, өзінің дүлей дариясын үнемі көзге елестетеді («Қапталында жататын-ды Сыр ағып, Менің кәусар шабытымның бұлағы»), өз жұртының өр бейнесін биіктете жырлайды («Сырдың құяр сағасында — астана, Болып жайлы ел-халқыңа баспана»), өлеңінің кейіпкерлерінің өзін туған топырағына аунатып алғысы келеді («Даланың ботакөзі — Арал ма едің… Талант — теңіз еш уақыт тартылмаған»).

Қысқасы, Алпысбай ақынның «Жүрегімнің қоңыраулары» атты жыр жинағындағы бір ғана «туған жер» деген сөзден көз сүрінеді. Мысал керек пе: «Көз алдымда бұлдырайсың сағымдай, О, туған жер, еске аламын мен сені», «Қуат берген тынысымды кеңейтіп, Туған жердің ақ самалын аңсаймын», «Дихан» – біздің кіндік кесіп, туған жер, Бұл күндері құлаған үй орны», «Туған жер сарғайып сан сағынғанда, Жанымның жайып салам жапырағын…».

Алайда, туған жерді осынша жырлағанына қарамастан ол атамекенге оралуға асығар емес. Бірте-бірте елге жақындаймын деген менің Алпысбай ағам жасы жетпіске келгенше арайлы Ақтөбеде тұрақтап қалды. Соған қарағанда, бұл аймақта да бүгінде юмор жағы жеткілікті-ау деймін…

 

 Бауыржан ОМАРҰЛЫ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=66946