Пятница, Декабрь 2, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Ән-жырым саған, Астана!

Ән-жырым саған, Астана!

«Кең-байтақ еліміздің ортасынан орын тепкен елорда  қасиетті мекен. Тәуке хан мен Абылай ханның есімдері мәңгі өшпек емес. Бөгенбай батырды, Балуан Шолақ пен Иманжүсіпті берген қасиетті топырақ ешқашан тозбақ емес. Астана қаласы келешекте халқымыздың тұрмысын көтеріп, беделін асырып, тұғырының мықты болуына бастайтын өрелі істің көшбасшысына айналмақшы. Ол көркейіп, көріктеніп, үлкен мәдени және ғылыми орталыққа айналуы керек. Қала күні Астананың жолбасы, ізкесері ғана. Оның болашағы зор. Астана өзгерсе, адамдар да, өмір де өзгереді. Сондықтан мемлекет ордасы ел экономикасын өркендетудің орталығына айналуы керек».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің бас қаласы — Астананың 20 жылдық тойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазірден-ақ атап өтіліп жатыр. Ақтөбеде де жыл басталғалы осы атаулы датаға орай түрлі мәдени-спорттық, ойын-сауықтық шаралар ұйымдастырылып, мерекенің көрігі қыза түсуде. Әсіресе, елорданың «туған күніне» мәдениет саласы қызметкерлерінің қосып жатқан үлесі мол. 6 шілде күні жақындаған сайын олардың өнерсүйер қауымға ұсынар сыйы да ерекше болатынға ұқсайды… Жерлес ақын-сазгер һәм орындаушылардың басын қосатын облыстық «Әнім сенсің, Астана!» байқауы — соның бір көрінісі.

Шығармашылық ұжымдардың шашуы

— Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жыл басынан бері Астананың 20 жылдығына арналған шаралар көптеп өткізіліп жатыр. Оның ең алғашқысы «Өнерім саған, өр елім» деген атаумен шымылдығын түрді. Облыстық мәдениет ұжымдарының аталған мерекелік концертіне «халықтық», «үлгілі» шығармашылық ұжымдары мен жеке әнші-орындаушылар атсалысты. Атап айтсақ, «Жазира», «Бипыл» және «Шашу» ансамбльдері, «Фрески» би ұжымы, «Әдеп» пен «Арт-Тұмар» триолары өнер көрсетті.

Іле-шала біздің ұжым облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен қазақтың тұңғыш балеринасы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Нұрсұлу Тапалова атындағы «Бидің ханшайымы — Нұрсұлу» атты ІV республикалық  байқауын өткізді. Мақсатымыз — қазақтың дарынды бишісі, жерлесіміз Нұрсұлу Тапалованың шығармашылығын насихаттау және «халықтық», «үлгілі» атақтары бар би ұжымдарына қолдау көрсету еді. Сол секілді сала мамандарының мұрындық болуымен қолға алынған  «Театр — өнердің ұлы көші» Х аймақтық халықтық театрлар фестивалі де елорданың мерейтойына орайластырылды. Мен ең айтулы деген шараларға ғана тоқталдым. Әйтпесе, «еліміздің жүрегіне» арналған осындай басқосулар, концерттер, форумдар көп, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Гүлнар Сейталина.

Бұрынғы байқаулардан өзгерек

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәл Астана күнінде — 6 шілдеде Ақтөбеде ерекше байқау өтпек. Бірнеше өнер түрін тоғыстырған аталған шара «Әнім сенсің, Астана!» деп аталады. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, мұндай байқау облыста алғаш рет өткізіліп отыр.

— Сәні мен салтанаты жарасқан елордамыз — Астана — егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің нышаны. Облыстық халық шығармашылығы орталығы бас қаланың тойын мерекелеуге арналған шараларды одан әрі жалғастырады. Шыны керек, қазіргі таңда Астанаға көптеген ақын-композиторымыз талай ән мен жырын арнап жүр. Олардың арасында ақтөбеліктер де аз емес. Солардың шығармашылығын одан әрі шыңдай түсу үшін әрі өскелең ұрпаққа Астананың мән-маңызын ұғындыру үшін осы жобаны қолға алдық. 6 шілде күні облыстық «Әнім сенсің, Астана» ән байқауы өтеді. Сол арқылы отандық дәстүрлі музыка мәдениетін дамытып, жастар арасында жаңа таланттарды жұртшылыққа танытқымыз келеді. Байқауға Шалқар, Қарғалы, Мұғалжар, Ойыл, Қобда және Ақтөбе қаласының өнерпаздары қатысуға ұсынысын білдіріп отыр, — дейді жоғарыда аталған орталықтың өкілі.

Құрамында Қазақстанның Мәдениет қайраткерлері, белгілі ақындар, музыка майталмандары бар қазылар алқасы қатысушылар арасында ең үздік ақын, композитор, ән өндеуші мен орындаушыны анықтамақ. Қазірдің өзінде бірқатар өнер иелері байқауда бақ пен бабын сынауға талаптанып отыр екен. Бұл туралы әңгімелесушіміз:

— Өнер додасында облыстың аудандары мен қаласынан 10 сазгердің әндері орындалып, Астанаға арналған жылдың ең үздік әні белгілі болады. Бүгінгі таңда Бақтығали Жұмалин, Оралбай Кәметия, Дулат Айтжанов, Сайлаубек Елманов, Дабыл Дауырбаев, Балымбет Күзембаев сынды өнерлі жерлестеріміз ұсынысын жолдады. Жалпы, қатысушылардың  жас мөлшері мен ұсыны­латын әндерінің жанрына шек қойылмайды. Ең бастысы, авторлар әннің нотасын да жіберуі тиіс. Салтанатты марапаттау рәсімі мен жеңімпаздардың гала-концерті ашық аспан астында өтеді деп күтілуде. Бас қаламыздың мерекесі — елдің тойы, мемлекеттің мерейі екенін ескерсек, ақтөбеліктерге бұның қуанышты көңіл күй сыйлайтыны сөзсіз, — деп атап өтті.

Мереке күні жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылмақ.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Бұл — бастамасы

Астананың 20 жылдық тойына арналған мәдени-көпшілік шаралардың жыл соңына дейін жалғасатыны белгілі. Бұл ретте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен Ақтөбе қаласынан басқа, барлық аудандарда да думанды кештер мен байқаулар өтеді деп жоспарланып отыр. Мәселен, Хромтау ауданында «Еркелей аққан Ор өзені» облыстық жастар би байқауы өтсе, Ырғыз ауданында дәстүрлі «Аймақты әнмен тербетіп» аймақтық өнер мерекесі елорданың құрметіне жаңаша леппен өтпек. Сонымен қатар Әйтеке би ауданында облыстағы көркемсөз шеберлері сынға түсіп, Байғанинде тағы бір облыстық әншілер байқауы ұйымдастырылмақ. Соңғы шараның атауы — «Ән мен жырдың Ақбұлағы».

— Күз мезгілінде өткізілетін бұдан да басқа тақырыптық кештер аз емес. Онда, әрине,  Астана, Тәуелсіз Қазақстан, осы еліміздің жетістіктері арқау етілген туындыларға басымдық беріледі, —дейді Г.Сейталина.

АСТАНА — АҚТӨБЕЛІКТІҢ КӨЗІМЕН

Асыл ТӨРЕМҰРАТОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің магистранты:

— Қазақстанның бақордасы һәм елордасы — Астана қаласын 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Сарыарқаның төсінде орын тепкен шаһар, қай қазақтың болсын, жүрегінен ерекше орын алатынына сенімім кәміл. Бұл қала бәрімізге ыстық және аяулы.

Елорданы Қазақстанның жүрегі деуіміздің бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол — еліміздің астанасы. Сосын барлық ірі шаралар, мәдени-көпшілік жиындар негізінен сол жерде өтеді. Талай жастың басын қосқан, көптеген қазақстандықтың сүйікті мекеніне айналған Астана қаласы өсіп-өркендеуі, түрленуі жағынан да алда. Ендеше, географиялық тұрғыда да орталықта орналасқан, басқалай жағынан да сан мыңдаған игі істің ордасына айналған елордамыз жасай берсін демекпін.

Астана дегенде есіме бірден «Хан шатыр», еркелей аққан Есілдің бойы, сосын осы өзенді әнге қосқан «МузАрт» тобы түседі. Біздің оқушы кезімізде барлығының аузында жүрген осы бір әнді тыңдасам, Астанаға барып келгендей боламын… Сондай-ақ, Астана қаласындағы сауда орталықтары да айтуға тұрарлық. Сыртқы сәулетімен көзге бірден түседі, зәулім, ерекше… Сосын не іздесең де, сол жақтан таба аласың. Орталық қала деген — осы.

Астанада өтетін мәдени шаралар да көпшіліктің қызығушылығын оятатыны рас. Сонда өтетін концерттерді теледидардан көрсеткенде, оны ықыласпен тамашалайтын әдетім бар. Өйткені елордаға екінің бірін қонақ ретінде шақырмайды. Олардың концерттік бағдарламасы да, ондағы дыбыс та, жарық та алабөтен. Сондықтан, әсіресе, Астана күніндегі концерттерді асыға күтетінімді жасырмаймын.

Қазақ — сөз қонған халық. Қапелімде өлең шығарып, мақалдап сөйлеуіміз де сол себепті деп ойлаймын. Мен де елордаға деген құрметімді мына төрт жол өлеңіммен аяқтасам деймін:

Күн сайын көркеюде жас қаламыз,

Сол жерден өркен жайып бастамамыз.

Белеске жиырма жылдық көтерілген,

Жасай бер, арман қала — Астанамыз!

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ