Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Филология факультетінің түлектері үлкен өмірге жолдама алды

Филология факультетінің түлектері үлкен өмірге жолдама алды

Бүгін  Студенттер сарайында Жұбанов университетінің  филология факультетінің бітіруші түлектеріне арналған диплом тапсыру кеші өтті. Жалпы саны 161 бітірушілердің 116-ы күндізгі, 45-і сырттай бөлімдерді бітірді. Оның ішінде 24 бітіруші үздік үлгідегі дипломға ие болды.

Салтанатты кеште университет ректоры, филология ғылымдарының докторы,  профессор Бауыржан Ердембеков бітіруші түлектерді құттықтап, дипломдарын табыстады. Сондай-ақ, ол түлектерінің асқақ армандарының орындалуына тілектестігін білдіріп, ізгі ниетін жеткізді.  Сонымен қатар, ол факультетте іске асырылып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталды. Бауыржан Аманкелдіұлы университет қабырғасында үздік оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, студенттік өзін-өзі басқару ұйымының жұмысын жетілдіруге қосқан үлесі үшін бірнеше түлек университет ректорының алғыс хатымен марапатталды.

Одан кейін студенттердің қамқоршысы, тірегі бола білген филология  факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Күлзат Садирова жас түлектерге апалық лебізін жеткізді.

Сондай-ақ, шара барысында бітіруші түлектердің  ата-аналары да сөз алып, жас түлектерге сәтті сапар тіледі.

Соның бірі факультет түлегі, үздік диплом иегері «Серпін-2050» грантының иегері Әйгерім Муфтуллаеваның анасы   Ағипа Жұбаноиязова «Құрметті университет ұжымы және оқытушылар! Менің Сіздерге алғысым бен рахметім  шексіз. Балаларымызға берген  баға жетпес тәжірибелеріңіз бен алтын уақыттарыңыздың арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Балаларымыздың осы университеттің түлегі болғанына мақтан тұтамыз.  Рахмет, барлығыңызға!»,  деген жүректі тебірентер сөздерімен университет ұжымына алғысын білдірді.

Кеш соңында бітіруші студенттер сахна төріне шығып «Тек алға!» әнін айтып, білім алған ұясымен және  ұстаздарымен қимай қоштасты.