Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мемлекеттік тіл арнайы заңмен қорғалуы керек

Мемлекеттік тіл арнайы заңмен қорғалуы керек

Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілді қоғамдық өмірге  ендіру  бағытында жүзеге асқан елеулі де нақты жұмыстарды ешкім жоққа шығара алмас. Мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілі төңірегінде психологиялық ахуал қарқыны бәсең болса да, оң өзгеріске бет алды. Білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында да елеулі өріс байқалады. Білім жүйесінде қазақ мектептерінің саны едәуір артты. Қазақша бірнеше  телеарналар ашылып,  терминология саласында жүйелі жұмыстар  жалғасуда. Тіліміз басқа тілдерден, Еуропа, әсіресе ағылшын, сондай-ақ араб, түркі тілдерінен жаңа сөздермен толықты. Ана тілдік кеңістікте басқа да өзгерістер жоқ емес. Дегенмен, қайта құрудан басталған мемлекеттік тілге бетбұрыс егемендікке жету мен тәуелсіздікті алу идеяларынан көп ұзай алмады. Сан ғасыр арман болып келген азаттық сезім ұлттық рухани бұлақтан суарылмады. Кеңестік социалистік интернационализммен уланған ұлтсыздық санамен батыл күрес жүрмеді. Құлдық психологиядан арылу үшін шешуші саяси құқықтық қадамдар жасалмады. Содан пайда болған еліміздегі этнодемографиялық  ахуал мен тілдік  ахуал арасында үлкен қайшылықтар жойылмай, жалғасып келеді. 

Әлемдік тәжірибеде сан жағынан басым ұлттың тілі қолданыста да басым тіл болатыны белгілі, оны маман­дар үстем тіл, басым тіл дейді. Қазақстандағы жағдай өзгеше, сан жағынан аз халықтың, орыс диаспорасының тілі басым, үстем болып отыр. Ежел­ден жердің иесі, елдің иесі қазақ­тың ана тілі екінші қатардан әсте көтеріле алатын емес. 1995 жылғы қабылданған Ата Заңның 7-бабының бірінші тармағындағы конституциялық шешімге сол кездегі елдегі демо­графия­лық жағдайға байланысты қабылданған «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген қайшы құқықтық норманың орындалуына қатаң бақылау орнатылмаған. Сол себептен «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген конституциялық қа­ғида ілгері жылжуымыздың қуатты күшіне айнала алмады. Бірнеше ғасыр­ бойы үстем болып келген, онсыз да те­геурінді орыс тілі қайтадан іс жүзінде мем­лекеттік мәртебеге ие болып алды. Енді күн­делікті өмірде орысша жазғанды қазақ­шаға, қазақша жаз­ғанды орысша аударуға мәжбүрміз. Бұл қаншама қосымша жұмысқа жолықтырып отыр. Мұндай жағдайды жіті байқаған Елбасымыз 2006 жылы 11 мамырда «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты сұхбатында қазақ тілінің тағдыры, оның бүгінгі дамуы жайында айта келіп, «Тілдер туралы» Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу керек» деген еді. Бұған тиісті органдардың ешқайсысы селт етпеді.
Қазіргі мамандардың айтуынша, Қазақстанда таза қазақша сөйлейтін қазақтар көп емес, негізінен қазақтар аралас, қойыртпақ, орыстанған тілде сөйлейді, ал оқитындар мен жазатындар одан да аз. Кейбір зерттеушілер еліміздегі қазақтардың алпыс пайызы орыс тілінде сөйлейді деп жазып жүр. Оны күнделікті өмірден өзіміз де көріп келеміз. Қалалы жерлердегі қазақ мектептерінде оқитын ұл-қыздарымыз үзіліс кезінде көбіне орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Әлі де орыс мектептеріне баратын қаракөз балаларымыздың саны азаймай отыр. Орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы орыс топтарында оқитындардың басым көпшілігі – өз балаларымыз. Мұның барлығы қоғамда мемлекеттік тілдік ортаның қалыптаса алмай отырғандығында болып отыр. Енді оның себептеріне ой жіберіп көрелік. Басты себептің бірі – Ата Заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес (айрықшалау –біздікі), Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген ана тіліміз үшін аса мәнді конституциялық қағида орындалмай қалды.
Ал мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің басқа тілдерге қарағанда үстем болуы керек деген әлемдік тәжіри­бені ескере қоймаған 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабындағы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі» және «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген ешкімді ештеңеге міндеттей қоймайтын жалпылама нормалар көбіне қағаз жүзінде қалды. «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады» деген сөздермен ғана шектелгендіктен «Тілді мемлекеттік қорғау» атты 23-бап та тиісті жұмыс істей алмады. «Тіл туралы» Заңның 23-бабындағы «Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдығын және ісқағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшіруді Мемле­кет­тік бағдар­ламамен қамтамасыз етіледі» деу тіпті қате түсінік болатын. Ешбір елде мемлекеттік тіл арнайы бағдарламамен жүзеге асы­рыл­майды. Ал он жыл сайын бірінен соң бірі қабылданып жүрген бағдарламалардың тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай жүргені соған дәлел. Және онда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын дамытуға байланыс­ты міндетті қағидатты мәселелер жоқтың қасы еді.
Міне, осындай жағдайлар еліміз­дегі тіл жанашырларын да, бізді де қатты ойландырған болатын. ­Содан 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ ғалымдары: заң ғылымының докторы, профессор, жұмыс тобының жетекшісі М.С.Нәрікбаев, Қазақстан ­Республикасы ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор М.Баймаханов, саяси ғылым докторы, профессор Ә.Бәкір, филология ғылымының докторы, профессор Ж.Әбуов, философия ғылымының докторы, профессор А.Айталы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіл туралы» Заңның жобасын дайындаған болатынбыз. Ол осы «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы сәуір айының 3-і күнгі №14 (903) санында және «Қазақ үні» газетінде жарияланды. Заң жобасының Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда қалаларының оқу орындарында тұсаукесерлері өтті, оны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот қызметкерлері, Мәдениет министрлігі мақұлдаған еді. Жоба Қазақстан ­Республикасы Президент әкімшілігі мен Үкіметіне ұсынылды. Алайда сол кездегі Премьер-министр К.Мәсімов 2009 жылғы 8 қаңтарда заң жобасы авторларына арналған хатында жобаның негізгі мазмұны 2009 жылы «Тілдер туралы» Заңға толықтырулар енгізілгенде ескерілетін болады деген еді. Бірақ Үкімет те, Парламент те бұл заңға осы кезге дейін оралған жоқ.
Содан бері де он жылдай уақыт өтті. Бұрынғы қайшылықтар күшейе түсіп, жаңа қайшылықтар пайда болуда. Тіпті осыдан жиырма бір жыл бұрын қабылданған, бүгінгі қолданыстағы заңның кейбір нормалары қазақ тілінің ілгері дамуына ашық тұсау бола бастады. Мысалы, «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабында «Мемлекеттiк орган­дардың мөрлерi мен мөртаңбала­рының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады» делінді де, одан кейін «Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады», сондай-ақ көрнекi ақпаратты екі тілде жазу қажет деген сияқты «мемлекеттік, орыс және басқа тілдерде» деп қосақтаулар қазақ тілінің күнделікті өмірде қолдануына өріс бермей отыр.
Елбасымыздың бүгін ұрпақта­рымыз үш тілді білуі керек деген өсиетіне терең бойлай алмай, ағылшын тілін қашан, қалай оқыту керек дегенді ойлай алмай, балабақшаның төрт-бес жасар, көбісі өзінің ана тілінде сөйлей алмайтын қаракөз ұл қыздарымызға үш тілді қатар оқытуға ұмтылып отырған әрекеттерді ата-аналар да, ұлттық педагогика мен психологиядан азын-аулақ хабары бар кісілер де түсіне алатын емес. Ал жаратылыстану пәндерінің бірсыпырасын ағылшын тілінде оқытуды ұсынып отырған Білім министрлігіне таңғалудан басқа не айтуға болады. Сонда қазақтың ұл қыздары бұл пәндерді өз ана тілінде білмеуі керек пе? Сондай-ақ «триединство языков» деген ұғымды саясатшыл шала қазақтар «үш тұғырлы тіл» деп аударып көпті әлі шатастырып келеді. Қандай мемлекетте болмасын оның басты тілі мемлекет құраушы ұлттың тілі болатыны бесенеден белгілі. Оны азын-аулақ оқығандар, мектеп көргендер білуге тиісті. Парламентте бірге болғанымызда Шерағамыз, Шерхан Мұртаза «Жыланның ғана екі тілі болады» дейтін еді. Басқа тілдер мықты, өркениетті ұлттық тілге тұғырланғанда ғана өрелі бола алады. Бар еңбегін тоғыз тілде жазған Мұстафа Шоқайдың 1936 жылы Берлинде радиодан Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзін ауызша сөйлеудің ерен үлгісі деуге болады. Керемет логикаға құрылған әрбір сөз бен сөйлем оқша атылып нысанның ондығына дөп тиіп тұр.
Қазақстан бүгінгі күні тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналды. Іс жүзінде, қазақ тілі екі әлемдік тілмен бәйгеге түсті және бұл бәсекелестік күресте ғасырлар қиыншылығын көріп, әлі еңсесін көтере алмай келе жатқан қазақ тілінің аман қалуы қиын. Бүгінгі жаһандану заманында осындай жағдайға тап болған көптеген елдер, оның ішінде Франция, Германия, Ресейде, тағы басқа жүзден аса мемлекет мемлекеттік тіл туралы заңдарын қабылдап, ағылшын, басқа да тілдер экспансиясынан қорғанатын механизмдерін қалыптастыруда. Бізде де дүниежүзінің көптеген басқа елде­рін­дегідей, мемлекеттік тілді мем­­ле­кет­тің нақты қорғауы қажет болып отыр.
Кезінде Абай айтқандай, «пайдасына ортақ болумен» қатар «зарарынан қашық болуға» орыстың тілін, оқуын, ғылымын білмек керек деген тамаша қағидасын жете түсінбегендіктің зардабын бүгін айқын көріп отырмыз. Сәл әсірелеп айтқанда, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін жаппай ағылшын тілін оқытамыз деп тағы да осындай жайға жолықпайық. Асыра сілтеу әсте оң нәтижеге жеткізген емес.
Келешегіміз үшін аса маңызды латын әліпбиіне көшу де мемлекеттік тіл мәсе­лесін батыл шешуді қажет етіп отыр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев латын әліпбиіне көшумен мемле­кеттік тіл мәселесі өзінен-өзі шешіл­мейтіндігін ашық айтты. Сол себепті латын әліпбиіне көшуді мем­лекеттік тілді меңгерумен тікелей байланыс­тыру еліміздің тәуелсіздігі жылдары қол жеткізген үлкен байлығын – халқымыздың тұтастығын онан әрі дамыта, арттыра түсері сөзсіз. Әйтпесе, шала қазақ, орыстанған қазақ, қириллицалы қазақ, латын әліпбилік қазақ болып, т.б. топтарға бөлінуіміз ғажап емес.
Бұл айтылғандарды түйіндей келе, отыз жылдай уақытта батыл нәтиже бере қоймаған мемлекеттік тілдің мәртебесін өз деңгейіне көтеретін пәрменді құқықтық нормалар керек екенін бұрындары да айтып, жазған болатынбыз, бүгінде осы пікірімізді қайталағымыз келеді. Осынша уақыт болса да еңсесі пәс тілімізді көтерудің бірден-бір тиімді жолы – мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау, конституцияға арнайы өзгерістер ендіру. Мұнсыз ғасырлар қордаланған қазақ тілін мүшкіл жағдайынан шығару мүмкін емес. Қазір кешегі Кеңес одағына қараған, тілдік ахуалдары біздегіден әлдеқайда жақсы ұлттық республикалардың барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заң қабылдады. Ал солтүстік көршіміз Ресей 1991 жылы Федерация халықтарының тілдері, ал 2005 жылы мемлекеттік тіл туралы заңдар қабылдады. Бұл жайлар бізді қатты ойландыруы қажет.
Мемлекеттік тіл туралы заңның керектігі жөнінде екі пікір болмауы керек. Оны тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибеміз де, әлемдік өркениетті елдердің шындығы да нақты көрсетіп отыр. Кез келген болашағын ойлаған мемлекет өз шекарасы шеңберінде көп этносты мәдениеттің әр текті сипатына қарамай, өзінің ұлттық мәдениетін қалыптастыруы керек, ол заңды. Онсыз келешек күңгірт, бұлыңғыр. Ал ұлттық мәдениеттің өзегі – ұлттық тіл, ол – халқымыздың тәуелсіздігінің туы да, тұғыры да, шыңға шығаратын қуатты әлеуметтік құралы да. Біз неғұрлым санамыздағы құлдық бұғаудан тезірек құтылсақ, соғұрлым тәуелсіздігіміз баянды бола түседі. Ғасырлар басылып келген ұлттық рухымызды бүгінгі азат өмірімізге қызмет еткізе алсақ, біз ұтамыз, әсте ұтылмаймыз. Мемлекеттік тілді еліміздің азаматтары толық меңгергенде, ол қоғамның барлық салаларында қолданыс ­тауып, мемлекеттің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналғанда ғана Қазақстанда демократия, азаматтық қоғам толық қалыптасады.
Осындай себептерден осыдан он жылдан астам уақыт бұрын дайындалған «Қазақстан ­Республикасы мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасына бірсыпыра өзгерістер енгізіліп, бірер бұқаралық ақпарат құралдарына ұсынған болатынбыз. Бұл жоба «Қазақ үні» газетінде 2018 жылғы 22 мамырдағы санында жарық көрді. Жобада бірінші кезекте мемлекеттік тілді меңгеруді, ең алдымен, қазақтарға қояды. Өйткені мемлекет құрушы ұлт, тілдің иесі, ежелгі қолдаушысы өз тілін меңгермейінше, қоғамда мемлекеттік тілдік орта қалыптаспайынша, басқа халықтардың тілдік таңдауына ықпал жасау мүмкін емес. Сол себепті заң жобасын, бір жағынан, азаматтарды өз ана тілін, мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттейді, екінші жағынан, азамат­тардың тілдік құқын сақтауды құ­қық­тық жағынан қарастырады. Мұнсыз қоғамда мемлекеттік тілдік орта қалыптаспайды, осындай заң қабыл­данған жағдайда ғана қазақ тілінің болашағын айқын байқаған басқа ұлт өкілдері де батыл қозғалысқа түседі.
Ана тіліміздің қозғаушы күші ұлттық сана-сезімімізге байланысты. Жылдан астам уақыт жұртшылықтың қызу қолдауында және талқылауында болып келе жатқан, қоғамымызда бағдарламалық бағыт ұстаған «Рухани жаңғыру» ғасырлар бойы езіліп келген ұлттық тілге деген сананы жаңғыртудан бастау алуы қажет. Ұлттық сана мен рухтың күші орасан, оның алмайтын қамалы жоқ, шығар биігі асқар.
«Тоқсан сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, ана тіліміздің айдарынан жел ессін десек, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдау қажет. Өйткені мемлекеттік тіліміз арнайы заңмен қорғауға мұқтаж болып отыр. Қайталап айтқымыз келеді: бұл бағытта екі түсінік болмауы қажет. Қоғамдағы әрбір құбылыстың тоқырар кезі, бетбұрыс жасар шағы болады. Шындап келгенде, біз тілдік кеңістіктегі шындықтың шегінде тұрмыз.

 

Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор

Әбдіжәлел БӘКІР, 
саяси ғылым докторы, профессор